Ауданның 15 білім беретін мектебінде «Білім күні» аталып өтті. Жаңа оқу жылын аудан бойынша 6585 оқушы бастағалы отырса, оның ішінде 670 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндер.
1 қыркүйек – Білім күніне орай М.Әуезов атындағы орта мектепте салтанатты жиын өтіп, 1 сыныпқа баратын 114 оқушы мектеп табалдырығын аттады. «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» атты салтанатты жиында алдымен ортаға алғаш мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндер мен сынып жетекшілері шақырылып, мектептің озат оқушылары Нұрмұхаммед Сатыбалдиев, Ақерке Нысанқұл мен Гаухар Наурызбаева мемлекеттік туды көтеріп, Әнұран шырқалды. Одан соң, салтанатты жиынды мектеп директоры Айнұр Оспанова ашып, мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды 2026-2027 оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Жаңа оқу жылында сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатын ұстанып, әр шәкірттің бойына ұлттық құндылықтармен қатар, конституциялық құндылықтарды сіңіру білім берудегі басты бағытымыз. Жаңа оқу жылында мектебімізде 1-4 сыныпта – 476 оқушы, 5-9 сыныпта – 565 оқушы, 10-11 сыныпта – 128 оқушы білім алады. Мектепалды даярлық тобына 107 оқушы қабылданып отыр. Мектебіміз бойынша барлығы 57 сыныпта 1276 оқушы білім алады. Әр баланың болашағына жауапкершілікпен қарайтын 128 педагогпен бірге қадам басқалы отырмыз.
Биылғы оқу жылында мектебімізде білім мен тәрбие, ұлттық құндылық пен заманауи технология ұстаз бен шәкірт ынтымақтастығы қатар өркендей берсін!, - дей келе, жаңа оқу жылына толағай табыс тіледі.
Салтанатты жиынға қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Білім беруде жасанды интеллектіні қолдануға күш салу керек. Конституцияны меңгерген, Заң және тәртіпті құрметтейтін, жеке қауіпсіздігін білетін білімді, мәдениетті тұлға қалыптастыру басты мақсат. Сондықтан зейіндеріңіз ашылып, ұстаздар берген білімді оқуларыңызды сұраймын. Құрметті ұстаздар, жаңа оқу жылдарыңыз шабыт пен төзім сыйласын. Алдымызда тұрған оқушыларымыз білімге құштар, ынталы, ізденімпаз болсын! Аудан бойынша 670 оқушы 1 сыныпқа барады. Қадамдарыңыз құтты болсын! М.Әуезов атындағы орта мектеп 1000-нан астам оқушысы бар іргелі оқу орны. Өткен оқу жылында мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Еркін Демеуов пен Тұрғали Қадыровтың еңбегін атап өткім келеді. Өйткені мектептің гандбол командасы республикада облыс намысын қорғап ІІ, ІІІ орын алып, абыройды асқақтатты. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық пәні бойынша «Айбын» әскери-патриоттық клубы халықаралық ойындарда үздік жетістік көрсетті. Пән мұғалімі Саламат Қасқырбайұлының еңбегін атап өткен жөн.
Қазір білімдінің заманы. Білім алуға асығыңыздар, - деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынында үздік нәтиже көрсеткен Мадина Тұрланова, Томирис Жамбулова, Ислам Сатыбалдиевке облыстық білім беру басқармасының Таланттарды анықтау және қолдау орталығының Алғыс хатын табыс етті.
Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Алтынай Ізмұқанова оқу жылының басталуымен құттықтап, жол жүру ережелерін, тәртіпті түсіндірді.
Шара аясында 1 сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер құттықтау өлеңдерін оқып, Гүлназ Есқақ «Алғашқы қоңырау», Гүлайым Жомарт «Ардақты ұстазым» деп ән салып, мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған Марьянна Соврасова мен Марсел Сухан, 11 сынып оқушысы Дильназ Жеңісбекқызы алғашқы қоңырауды соқты.
Осылайша, алғашқы қоңырау сыңғыры сабақтың басталғанынан хабар беріп, оқушылар партаға жайғасты.
Айта кетейік, биылғы оқу жылын аудан бойынша 6585-дей оқушы бастап отыр. Оның ішінде 1-4 сыныпта – 2744 оқушы, 9 сыныпта – 646 оқушы және 361 мектеп түлегі болса, оларға дәріс беретін 922 педагог жұмыс жасайды.
Жадыра НАРИМАНОВА,
суреттер авто


