АУДАНДА ГАНДБОЛ ОЙЫНЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІН ЖЕТІЛДІРУ, МҰҒАЛІМДЕРДІҢ КӘСІБІИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДЕНЕ ДАЙЫНДЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ӘДІСТЕРДІ ТӘЖІРИБЕГЕ ЕНГІЗУ МАҚСАТЫНДА «ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ГАНДБОЛ САБАҒЫНА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ.
Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева ауданға келген қонақтарға «қош келдіңіздер» айтса, облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталықтың дене шынықтыру пәнінің әдіскері Алтын Ғабитова балалардың дене дайындығын дамытуда гандбол ойынының маңыздылығына тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Семинардың теориялық бөлімінде «Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубы» директоры Бағдат Абенов ауданымызда гандбол ойынының дамуы мен оқушылардың спорт саласындағы жетістіктері туралы б аяндады.
– Аталған семинардың ауданымызда өтуінің өзіндік мәні бар. Себебі гандбол спорты жақсы дамыған. Оған дәлел биылғы жылы оқушылар арасында өткен 8 жарыстың, алтауында бірінші орын, біреуінде үшінші орын алды. Гандбол жаттықтырушылары Жандос Әбілхалықов, Тұрғали Қадыров, Дархан Хасановтың оқушылар республикалық линаларда шеберліктерін көрсетіп жүр, - деді ол.
Одан соң Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Қалжан Меңдігереева «Гандбол ойынының шығу тарихымен таныстырып, ережелерін түсіндірсе, Мақат ауданындағы Х.Санбаев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бағытжан Сұлтанов «Гандбол ойыны арқылы оқушылардың физикалық дайындығын жетілдіру жолдары» , Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Дархан Қасанов « Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес гандболға дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдері», Махамбет ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Саламат Мұқашев «Гандбол ойынын үйрету іс-тәжірибемнен», Исатай ауданындағы Өркен орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Айбол Муханбетов «Гандбол ойынында жаттығу процесін тиімді ұйымдастыру», Әл-Фараби атындағы Бином мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Рүстем Тәжібаев «Гандбол ойынындағы төрешілікті ұйымдастыру» тақырыбында баяндама жасады.
Гандбол-допты қолмен ойнайтын командалық спорт түрі. Оның пайда болуы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына жатады. Алғашқы ұқсас ойындар Дания, Германия, Чехия елдерінде пайда болған. 1898 жылы дат мұғалімі Хольгер Нильсен гандболға ұқсас ойынды енгізді. 1917 жылы Германияда қазіргі гандболдың алғашқы ережелері жазылып, 1936 жылы гандбол Олимпиада ойындарына енгізіледі. 1946 жылы Халықаралық гандбол федерациясы (IHF) құрылған. Бастапқыда гандбол ашық алаңда 11 ойыншымен ойналса, кейін қазіргі 7 ойыншыдан тұратын жабық залдағы нұсқа кең тарады.
Қазақстанда гандбол кеңестік кезеңде дамыған. XX ғасырдың ортасында мектептер мен спорт мектептерінде енгізіліп, Қазақстан құрамасы азия деңгейінде жарыстарға қатысады. Әйелдер құрамасы бірнеше рет азия чемпионаттарына қатысқан. Елде гандбол федерациясы жұмыс істейді және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде үйірмелер б ар.
– Қазіргі таңда гандбол Қазақстанда дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Ойын уақыты 2 таймнан тұрады (әрқайсысы 30 минут). Гандболда әр ойыншының өз рөлі бар. Құрам қақпашы, орталық ойыншы, артқы ойыншылар, қаптал ойыншылары, пивоттан тұрады. Гандбол – тек ойын емес, ол оқушылардың жан-жақты дамуына әсер ететін маңызды спорт түрі. Қарапайым ережелерге негізделген бұл ойын – үлкен шеберлік пен ақыл-ойды талап етеді. Алаңдағы әр позиция – бір бүтін жүйенің бөлшегі. Қақпашыдан бастап шабуылшыға дейін әр ойыншы өз рөлін мінсіз атқарғанда ғана команда жеңіске жетеді, – деді Қалжан Меңдігереева.
Баяндамашыларға қатысушылар сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Семинар балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәжірибелік бөліммен жалғасын тапты. М.Әуезов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Тұрғали Қадыров «Оқушыларды жас ерекшеліктеріне қарай гандболға дайындаудың техника- тактикалық дайындық жаттығуларын» және Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Жандос Әбілхалықов гандболдағы төрешілік қызметтің ерекшеліктері мен өзгерістеріне тоқталып, шеберлік сағатын өткізді.
Қатысушылар арасында жолдастық кездесу өткізіліп, тәжірибе алмасты.
Шара соңында біліктілік дағдыларын ортаға салып, тәжірибе алмасқан ұстаздарға алғыс білдіріліп, спикерлерге сертификат, алғыс хат табысталды.
Жадыра Нариманова

