Бүгінде аңызақ ұрып тұрған аптапта егіншілер сепкен тұқымын баптап, еңбектеніп жүр. Алайда оларды да мазалайтын жайлар бар екен. Мысалы, редакцияға хабарласқан «Тәуекел» шаруа қожалығының басшысы А.Ілиясова:
– Біз халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында егін шаруашылығымен айналысып келеміз. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөліп келеді. Біз де соған сай адал қызмет етудеміз. Алайда соңғы кездері Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Табиғат» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны суды каналдар арқылы беру қызметі үшін бекіткен тарифі 1 текше метрге – 41,543 теңге болатын болса, осыған құн салығын қосып - 48,189 теңге төлем талап етіп отыр. Осы уақытқа дейін 85 пайызын мемлекет субсидиялап, қалған 15 пайызын біздер, егіншілер төлейтінбіз. Қазіргі «Табиғат» КМК келгеннен бері біздің 15 пайыз төлеуге тиісті үлесіміз құн салығын үстіне қосуына байланысты 27 пайызға жетіп отыр. Сонда мемлекеттің 85/15 деген қағидасы орындалып отырған жоқ. Егіншілер жалпыға бірдей салық режимін қолданбаймыз, сол себепті қосымша құн салығын шегерімге ала алмаймыз. Бұл біздің қалтамызға ауыр тиеді,- дей келе осы жағдайға назар аударып, егіншілерге салынатын қосымша құн салығының заңдылығын анықтап, мүмкіндік болса алып тастау мәселесін қараса дегенді айтады.
Міне, шаруагерлердің шағымына орай осы мәселе «Әділет» партиясының ғимаратында қаралды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов мәселе мәнісін түсіндірген соң шаруагерлер жоғарыдағы жайды қаперге берді.
Бұл сұраққа Атырау облыстық «Табиғат» ШЖҚ КМК су пайдалану бөлімінің басшысы Азамат Берғалиев жауап берді. Оның айуынша, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрінің 2025 жылғы 13 қазандағы бұйрығына сәйкес «Табиғат» КМК суды каналдар арқылы беру қызметінің тарифі 1 текше метрге 41,543 теңге етіп белгілеген. Ал сол бұйрыққа сәйкес қосымша құн салығымен 48,189 теңге болып отыр.
– Сіздер бізді дұрыс түсініңіздер. Бұл қосымша құн салығын біз емес қосып отырған. Енді әрі қарай осы мәселені бірлесіп шешу жағын қарастырайық. Ұсынысымызды хаттамаға толтырып жолдайық,– дейді А.Берғалиев.
Сонымен қатар қожалықтар бұрын төлемақымен күзге салым жиын-терін біткен соң есептесетінін, ал қазір қорда қаржы болмаған соң ай сайын ақысын төлеу қиынға соғып тұрғанын айтады. Алайда бұрынғы қағиданың бәрі өзгерген соң бұл да заң шеңберінде бекітілген ереже болып шықты. Сондықтан да ендігі мәселе – егіншілердің жанайқайын толық пысықтап алып, министрлікке дейін көтеру. Жиындағы түгел сөздің түйіні де сол болды.
Жан Аман,


