Шұғылалы көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту күнінің маңызы зор. Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 1995 жылғы 1 наурызда құрылғанына орай 2016 жылдан бері жалпыхалықтық мереке ретінде тойланып келеді.
Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес келуінде үлкен мән жатыр. Неге десеңіз, тарих беттеріне үңілсек, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес үкіметі көптеген халықты күштеп көшіруге шешім қабылдады. Одан соң корей диаспорасын да айдауға салып, біздің елімізге басқа да ұлт өкілдерін жер аударып отырды. 1946 жылы Кеңес одағында жер аударылғандардың саны -2,5 миллионға жеткен. Ал ішінде біздің елге қоныс аударғандар саны 1 миллион 200 мың адам. Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы жер аударып, көшіп келуге мәжбүр болған деген деректер бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысып, барлық өнеркәсіп саласына атсалысты. Кейін 1957 жылы күштеп жер аударылған халықтардың өз отандарына қайтуына рұқсат берілді. Соған қарамастан, олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Қазақ жерінде олардың жаңа буыны өсіп, өркендеді, олар әр салада еңбек етті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанды өз отаны санайтын буын ел үшін қызмет етіп жатыр. Сондықтан еліміздегі Алғыс айту күнінің тарихы тереңде жатыр.
Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мерекеде қазақ еліне кезіндегі қолғабысы мен қайырымды ісі үшін алғыс айтады. Осы тұста түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігін, қазақтың өзі де осындай ұлы нөпірдің арасында жоғалып кетпей сақтап қалған қасиетін де ерекше атап өткеніміз жөн.
Еліміздегі түрлі этностық топтар басына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызған «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтері бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында бой көтерген. Сонымен қатар елорда төрінде «Қазақ Елі» монументінің де бой көтеруі қазақ ұлтының айналасына топтасу идеясын күшейте түсті.
Әр адамның жүрегіне жылулық ұялатын бұл күн тек мереке ғана емес, халқымыздың сан ғасырлық бірлігін, достығын арттыратын маңызды күн. Бұл күні тек өткенді еске алып қана қоймай, өткенімізді бағалай отырып, бүгінгі күннің шапағатына ризашылық білдіреміз.
Бұл күні Қазақстан деген үлкен шаңырақтың астында бір атаның балаларындай тату тәтті күн кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдері алғыстарын айтады. Бұдан бөлек, әр адам бір-бірімізге жасаған жақсылығымызға, көрсеткен мейірімділігімізге ризашылық білдіреміз. Мысалы, жақындарымызға алғыс айтып, олардың жасаған жақсылығын еске алу арқылы көңіл күй сыйлауға болады. немесе қиындыққа тап болған адамдарға қолдау көрсетіп, көмектесу де Алғыс айту күнінің мәнін тереңдете түспек. Сонда да бұл күн барша қазақстандықтардың бір-біріне деген достығының, ризашылығының мерекесі болмақ.
Ж.Нариманова



