Балабақша неге жабылды?

Қыс қаһарына мінгені сол еді  Индербордағы «Балдәурен» бөбекжайының іші  күрт суытып кетіпті. Ата-аналар да реніш білдіруде. Балалары қайта-қайта тоңып, кейбірінің үйде болғанына біраз болып қалыпты. 


Осы мәселеге орай  біз  бөбекжайға барғанымызда 
салқынға байланысты 320 орындық бөбекжай толық бала қабылдай алмай отырғанын білдік. Біз барғанда  75 бала ғана қабылдап отыр екен. Мысалы, «Балдырған» тобында санаулы ғана бала жүр, бөлме температурасы 18 градусды көрсетіп тұр.  Ал оның қарсысындағы «Ақбота» тобында бүлдіршіндердің қарасы көп. Мұнда бөлме температурасы 16 градусқа дейін түскен. Бөбекжай қызметкерлері  жылуды  ұстау үшін бөлме  терезелеріне целофан ұстапты. 
-Бөбекжай ғимаратына 2018 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сол кезде ғимараттың сыртқы беті сайдингпен қапталды. Еденіне линолиум, жолға брусчаткалар төселді. Бірақ жылу жүйесі мен терезелері ауысқан жоқ. Сайып келгенде терезелердің тозуына байланысты жылу ұстамайтын жағдайлар орын алып отыр, бұл өз кезегінде топ бөлмелеріндегі температураның төмендеуіне әсер етуде. Ғимаратқа күрделі жөндеу қажет етеді.
 Ал  балабақшаның жылу қазандығы штаттық режимде жұмыс жасап тұр, жылу жүйесінде апаттық жағдай тіркелген жоқ. Жылу беру үздіксіз қамтамасыз етілуде, қазандық пен ішкі жылу жүйесі тұрақты түрде бақылауда, - дейді бөбекжай директоры Жанар Майышқызы.
Осы орайда біз Индер  аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақмарал Қосымбаеваға хабарласқанымызда «Балдәурен» бөбекжайы ғимаратының іші салқындап кеткені туралы бөбекжай әкімшілігінен хабарлама, немесе  ата-аналар тарапынан да ешқандай шағым түспегенін айтты. Дегенмен көп кешікпей  аталмыш  басқармаға  «Балдәурен» бөбекжайы әкімшілігінен бөбекжай ішіндегі  температураны анықтап беруге  сұраныс хат келіп түскен екен.
Хаттың негізінде бөбекжайдың  барлық бөлмедегі температураларын өлшеп,  нәтижесінде бөбекжай бөлмелерінің нормативтік көрсеткіші 19 градустан төмен болып тұрғаны анықталыпты. Сол себепті зертханалық хаттаманың негізінде «Балдәурен» бөбекжайына топтардағы ауа температурасын қалыпқа келтіруге  және ауа температурасын нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келмеген жағдайда балалардың болуына рұхсат етілмейтіндігі туралы тапсырма жолданған. Кейін «Балдәурен» бөбекжайынан 30 қаңтар күні ауа температурасының төмен болуына байланысты балаларды қабылдамайтыны туралы ақпарат түскен.
-    Егерде бөбекжайдағы бөлме температурасы санитарлық нормадан төмен болған жағдайда бөбекжай басшылығы балаларды уақытша қабылдамауға шешім қабылдай алады. Өйткені санитарлық қағиданы әрбір ұйым өзі орындауға міндетті, - деді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ақмарал Қосымбаева.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Референдум 2026

Референдум 2026