АУЫЛДЫҢ ӨЗ «ЫБЫРАЙЫ» БАР

БІЛІМ САЛАСЫНДА 41 ЖЫЛ ЕҢБЕК ЕТІП, ТАУ ТҰЛҒАСЫМЕН САН ШӘКІРТТІҢ САНАСЫНДА ҮЛГІ БОЛА БІЛГЕН ҰСТАЗДЫҢ БІРІ – КЕРЕШОВ САҒЫМБАЙ КЕРЕШҰЛЫ.

1956 жылы Жарсуат ауылында дүниеге келіп, 1964-1974 жылдары Махамбет орта мектебінде білім алады. 1974-1981 жылдары Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институт­та тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі, тәрбие жұмысы бойынша әдіскер квалификациясын алып шығады. Осылайша арнайы жолдамамен Құрылыс сегіз жылдық мектебінде алғаш ұстаздық еңбек жолын бастайды. Аталған білім ор­дасында 2005-2020 жылдар аралығында «Зерде» оқушылардың кіші ғылыми қоғамының жетекшісі, 2000-2020 жыл­дар аралығында «Нұр Отан» партиясы ба­стауыш ардагерлер ұйымының төрағасы болып қоғамдық жұмыстар атқарды. Бұдан бөлек, 1980 жылдан күні бүгінге дейін аудан айнасы «Дендер» қоғамдық- саяси газетінің штаттан тыс тілшісі бо­лып еңбек еткенін айта кеткеніміз жөн. М.Мөңкеұлы атындағы орта мектепте табан аудармастан абыроймен еңбек етіп, 2022 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.

Қырық жылдан аса ұстаздық қызметте еңбек етіп, алдына келген балаларды білім нәрімен сусындатқан Сағымбай Керешұлын шәкірттері үнемі мерейлі жасымен құттықтап, өткен күннің белгісі болар естеліктерімен бөлісіп сол бала кезді сағына еске алады екен. Шәкірттері өзінің білімділігімен, біліктілігімен, табандылығымен, еңбекқорлығымен танылған, сөйлеу мәнерінде, тіпті киім киісінің өзінде бір ерекше мәдениеті басым, ешқашан дауыс көтере сөйлеп, реніш білдірмейтін, әр баланың бабын таба сабақ берген ұстаз дейді. "Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек",- деп Мұхтар Шаханов айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің міндеті екені анық. Ал, сол шәкірттің алғысына бөлену үлкен бақыт емес пе?!

Мерекелік жарияланымды жазу ба­рысында ардагер ұстазға «Қазіргі білім беру жүйесіне, жас буын ұстаздардың жұмыс тәсіліне көзқарасыңыз қандай?» деп сұрағанымда:

– Мәртебелі мамандық иесі мұғалімнің рөлі қашанда айрықша маңызды деп есептеймін. Адамның, оның ішінде дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың қолынан келетін іс. Ұстаздардың қадір-қасиетін жоғарылату үшін «Пе­дагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданды. Себебі бүгінгі таңда мұғалімдердің рөлі төмендеп кеткені жасырын емес. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында білім беру сапасын жаңғырту қолға алынып жатыр. Оны ардагер ұстаз ретінде жан- жақты қолдаймын. Себебі ХХІ ғасыр ақпараттандыру болғандықтан ұстаздар бәсекеге қабілетті, өзіндік ой, қабілеті бар оқушылармен белсенді жұмыс жүргізулері қажет. Бұл жолда толыққанды жұмыс жасауға мұғалімдерге барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Сонда ғана ұстаз да, шәкірті де түпкі нәтижеге қол жеткізе алады деп ойлаймын. Өскелең ұрпақты өркениетті әрі жасампаз құндылықтар негізінде тәрбиелеу – ортақ парызымыз.

Сонымен бірге мұғалімдер артық жүктемеден, бітпейтін қағазбастылықтан бірінші кезекте босатылуы тиіс. Білімді әділ бағалау да білім беру жүйесінің ең өзекті көзі.

Бүгінгі таңда қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық мамандықты таңдап, білім саласында тынбай ізденіп, шәкірт жүрегіне тура жол таба білетін шығармашылықпен жұмыс жасап келе жатқан жас мұғалімдердің істеріне әркез көңілім толады. Өткеннің көзімен қарасаң бұрын білімнің негізгі көзі – оқулық, ал баланың білмегенін сұрайтын адамы мұғалімі мен үйдегі үлкендер болатын. Қазір керісінше мектеп табалдырығын аттаған оқушы санаулы секундта ақпаратты таба алатын заманда өсіп келеді. Заман қанша өзгерсе де баланың жақсы адам болып өсуіне ата-ананың тәрбиесі мен мұғалімнің беретін тәлімі бәрібір керек. Мектепте алған білім мен тәрбиеміз әлі күнге есімде. Мұғалім көрсең жасың қаншаға келсе де баяғы оқушы қалпыңа түсесің. Бұрын мұғалімді бізге сабақ түсіндіретін адам ретінде көретінмін. Өзім мектепте ұстаз болып еңбек еткенде оның жауапкершілігін тереңірек сезіндім. Мұғалімнің басты міндеті – сабағын түсіндіріп, оқушы білімін бағалау емес, баланың сабаққа неге көңілсіз келгенін, неге бұрынғыдай белсенді болмай жүргенін де байқап оты­ру керек. Бұрын тақта мен бор сабақтың негізгі құралы саналса, бүгінде цифрлық платформалар, интерактивтік ресурстар қолданысқа енді. Мұндай мүмкіндіктер мұғалімнің жұмысын жеңілдеткенімен, орнын баса алмайды. Бүгінгі таңдағы мұғалім бәрін білетін адам болып көрінуге емес, балаға білімді қалай іздеу керегін көрсетуге тиіс. Сонда оқушы да дайын жауапқа үйренбей, өздігінен ой қорытуға дағдыланады деп есептеймін, - деп пікірін білдірді.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, бірқатар Алғыс хат, Диплом, Құрмет грамоталарымен қатар, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, Ұлы Отан соғысы батырларының есімдерін қастерлеу үшін бекітілген «Қас батыр» медалімен, Махамбет Өтемісұлы атындағы «Да­уылпаз» медалімен, Қазақстан Оқу- ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Тәлімгер» медалімен, халық қаһарманы және қоғам қайраткері, офицер- ұшқыш Хиуаз Доспанова медалімен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Дендер» газеті редакциясының 80 жылдығына арналған мерекелік төсбелгісімен марапатталған.

Шәкірт бойындағы шырақты жағып, дарыны мен талантын байқап, жеке тұлға болып қалыптасуына көмектесіп, рухани өмірдің сан қырлы әдемі әлеміне жетелей білген Сағымбай Керешұлы секілді ұстаздарымыздың саны арта берсін дегім келеді. Ұлылықтың басында тұрған Ұстазға қанша мадақтау айтылса да, артық болмас. Төл мерекеде құрмет төрінде бола берсін демекпіз.

Сағымбай ағамыз тек қана мұғалім емес, 40 жылдан астам уақыттан бері «Дендер» газетінің жанашыры, штаттан тыс тілшісі. Ауыл тынысын, еңбек адам­дарын үнемі дәріптеп жазды. Әлі де сол қалпында. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстың да майталманы. Орталыққа келіп, ауылдың бүкіл шаруасын шаруалап, тұрғындардың тоқ, газдың төлемін, тіпті азық-түліктеріне дейін алып баратын бұрынғы уақытта. Сол үшін де оны қадір тұтады.

 

Жадыра Нариманова

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT