Соңғы кезде елімізде түрлі аурулар дендеп барады. Сол аурулардың бірі күнделікті тұтынып жүрген шайымыздан да шығады деп кім ойлаған? Себебі қауіпті ауруларға апаратын өнімдерді шығарумен айналысып отырған алаяқтар бар. Мысалы, шай өнімінде зиянды қоспа бар екендігін еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтты. Осыған орай бірқатар қара шайдың таралуы мен сатылуына толық тыйым салынғаны туралы қаулыға 5 қаңтарда қол қойылған. Мамандар нарықта кеңінен таралған шай түрлеріне тексеріс жүргізіп, құрамына талдау жасағанмен, ол елімізде таралып кетті. Енді осы қауіптің алдын алу, оның зардабы жөнінде зерделеп көрейік.
1 кг шай – 1 қой
Жалпы шайдың шығу тегі Қытай елі дейді деректер. Ол туралы аңыз әңгіме де бар. Әр халықтың шай әзірлеуде өзіндік ерекшеліктері жеткілікті. Бір ел дәмін тұзбен, басқа жұрт қантпен келтіреді. Мысалы этнографтар Досымжан Қатыран мен Ақеділ Тойшанұлының Qalam сайтына берген сұхбатында шай мәдениетіне қатысты бірқатар мәліметтер келтірген еді. Мәселен этнограф Ақеділ Тойшанұлының айтуынша, Құнанбайдың бабасы Кеңгірбай би шай ішуге тыйым салған екен. «Шай – шайтанның асы» деп, оны ішкендерге дүре соққызған. Қалай десек те, қазақ даласындағы шай бағасы өте қымбат болғанға ұқсайды. Этнограф Досымбек Қатыран кейбір тарихи деректерде 20-ғасыр басында бір күрек (шамамен 1-2 келі) шайдың бағасы бір қойға бағаланғанын айтады. «Шайға үйренгені сонша – қой ұсынып шай ала беріп, тәуелділіктен кедейленген қазақтар да болған көрінеді. Бүгін қойдың бағасы қандай, шайдың бағасы қандай?» дейді ол.
Зерттеушілер қазақ даласында шай құны қымбат болғандықтан, оған екінің бірінің қолы жете бермегенін айтады. Тіпті бірлі-жарым ауқатты адамдардың дастарханында болғанымен, олардың өзінде соншалықты дәрежеде көп емес еді. «Кейіннен сауда дамып, жәрмеңке ұйымдастырыла бастаған себепті оның бағасы арзандап, бір күрек шайымыз бір қозының құнына түседі. Яғни қазақтың шай ішуінің жаппай халықтық сипат алуы 20-ғасырдың басына сәйкес келеді. Ал оған дейін оны тек қолы жеткендер ішетін» дейді Досымбек Қатыран.
«Төрт мезгіл
шай ішеміз…»
Өкінішке қарай, халықтың көпшілігі аталған шай түрлерін үнемі пайдаланады.
– Жалпы қазақ болғасын үйге қонақ шақырамыз. Өзіміз де шайдың қою әрі дәмді болғанын қалаймыз. Жаңадан шыққан шай түрлерін сатып алатынымыз жасырын емес. Соңғы кездері қай шай алсақ та ішінде қасығы мен кесесі бар. Бір байқағаным, шай қою, қанық түсті болғанымен, бір қайнатқаннан-ақ құманның іші қап-қара болады. Және қазір шайдың да түрі көп. Дәрігерлер шайды көп ішпеу қажеттігін айтады. Өзім өткен жылы асқазаным ауырып, қалаға барып гастроэнтеролог дәрігерге қаралдым. Маманның айтуынша, майлы тағамдарды, энергетикалық сусындарды, газды сусындарды, тамақтану кезінде шай ішудің салдарынан асқазаныма ауырлық түскен екен. Қазіргі таңда денсаулығым үшін диеталық режимде тамақтанамын. Отбасыма да дұрыс тамақтану туралы үйретіп келемін, – дейді А.Мұқанбетова есімді кент тұрғыны.
Сондай-ақ зейнеткер Т.Махуов бұрын шайды кесіп ішетінін, қазір қанша ішсе де қып-қызыл болып тұратынын айтады. Яғни бояу деген сөз.
Шайдағы химикат
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаеваның айтуынша, елімізде шай өнімдеріне қатысты жүргізілген тексеру жұмыстары тұрақты түрде министрлікпен бірге жүзеге асырылған. Бұл тексеріс азаматтардан түскен шағымға емес, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау мақсатында ұйымдастырылған.
– Осы жолы біз нарықта кеңінен таралған шай өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне тексеру жүргіздік. Еліміздің барлық өңірінде орналасқан ірі сауда орындарынан, сауда нүктелерін, ауладағы дүкендерден, қоймалардан өнімдер сатып алынып, арнайы зертханада құрамына, сапасына сараптама жасалды. Бұл жұмысқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санэпидбақылау комитетінің аймақтық департаменттері, олардың облыстық, қалалық және аудандық басқармаларының мамандары тартылды. Зерттеу нәтижесінде халық көп тұтынатын шай өнімдерінің құрамынан тыйым салынған бояғыштар анықталды. Сонымен қатар бұлар жалған өнім ретінде танылды. Себебі қаптамада көрсетілген өндіруші туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өндірушінің атауы, мекен-жайы және басқа да деректер жалған болып шықты – , дейді Дана Қасқатаева.
Тергеу барысында шай өнімдерін өндірумен заңсыз айналысқан 7 өндіруші анықталған. Бұл кәсіпкерлердің өнім өндіруге, қаптауға, жеткізуге және сатуға ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Ең қауіптісі сол, заңсыз өндірілген және қапталған шайлардың құрамында адам ағзасына зияны көп тағамдық бояғыш заттар мен химикаттар анықталған. Атап айтқанда, денсаулыққа аса қауіпті E110, E102 және E124 тағамдық бояғыштары табылған.
– Бұл қоспаларды күнделікті ішетін шайға қолдануға мүлде болмайды. Мысалы, E110 шайға күн батар кездегідей сарғыш-қызғылт рең берсе, E102 (тартразин) өнімді қызыл түске бояйды. Ал E124 бояғышы астмасы бар адамдарға аса қауіпті, ол аллергиялық реакциялар туғызып, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Бұл шайларды жиі тұтынса, ол ағзада жинақтала келе, асқазан-ішек жолдарына жүктеме түсіріп, бауырға кері әсер етеді, – дейді бас сарапшы.
Осылайша, зертханалардың қорытындысына сүйене отырып, Бас санитарлық дәрігер «Апамның шайы Premium gold», Al-Hayat Gold, «Балқия Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «Aje Onim», «Al-Jannat Premium» және «Alfarah» атты шай түрлерінің сатылуына тыйым салды.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына, тиісті нормативтік құқықтық актілерге, Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптарына», «Тамақ өнімдерін қаптамалау бөлігіндегі» техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес осы аталған шайларды өндіруге, әкелуге, сату мен таратуға тыйым салынды.
Осыған сәйкес, кенттегі сауда орындарын аралап қайтқанымда, аталған шай өнімдері әлі күнге сатылып жатқандығын байқадық. Дүкен иелері шайды сөреден алып тастау жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық басқармадан ешқандай хат келмегендігін алға тартты. Мәселен, «Апамның шайы Premium gold» шайы – 1 300 теңге, «Al-Jannat Premium», «Alfarah», «Al-Hayat Gold» шайлары шамамен – 1 600 теңге, «Балқия Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «Aje Onim» шайы 1 100 теңге тұрады.
Кенттегі «Талап» сауда үйіндегі азық-түлік өнімін сататын кәсіпкер Нұржамал Тоғанасова:
–Аталған шай түрлері қазіргі таңда сатылып жатыр. Егер қандай да бір нұсқаулық келетін болса, біз сөреден алып тастауға жұмыстанамыз, – деді.
Тұтынушы құқығы қорғалмай ма?
Осылайша құрамында адам денсаулығына аса қауіпті заттар бар шай өнімдері бүкіл сауда орындары арқылы ауылдағы ағайынға дейін кеңінен таралып кеткен. Ал бұл туралы жауапты мамандар не дейді?
Облыс бойынша аудан және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Самат Емберген аталған қаулыға сәйкес шай өнімдерін сөреден алып тастау немесе жою Департамент құзыретіне кірмейтінін айтса, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Сабырқызына хабарласқанымызда, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, халыққа толық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандықтарын, бұл басты назарларында екенін жеткізді.
Бұл жауапқа қарағанда сатылымдағы шайлар алынып тасталмаған. Яғни кәсіпкердің саудасына кедергі жасай алмайды. Сонда улы шай тарала бере ме?
Қаулы жыл басында қабылданғандықтан, кейбір сауда орындарында бұл өнімдер әлі де кездесуі мүмкін. Осы ретте аудандағы ахуал туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақмарал Қосымбаевадан сұрап көрдік.
– Бірқатар шай түрлеріне елдің аумағына әкелу мен сатуға тыйым салынғандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланғаны белгілі. Алайда аудандық басқармаға жоғары тұрған органнан аудан аумағында бұл шайлардың сатылуына тыйым салу немесе саттықтан алып тастау туралы қандай да бір ресми құжат немесе бұйрық келіп түскен жоқ. Сол себепті аудан аумағында жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ, - дейді ол.
Қазір әлеуметтік желіде әртістер мен блогерлер жоғарыда аталған шай түрлерін насихаттаса, бірі өз атынан шай өнімдерін шығарғанын байқап жүрміз. Сол себепті сала мамандары жаңа өнімді тұтынбас бұрын құрамын мұқият тексеруге кеңес береді.
Сонымен…
Зерттеп көргеніміздей, аса қауіпті шай өнімдерін алаяқтық жолмен жасап, адам денсаулыған орасан зор зиян келтірсе де олардан қандай да бір жауапкершілігі сұралған жөнінде нақты жауап ала алмадық. Екіншіден, сөрелердегі зиянды шайдың көзі жойылмаған. Сонда «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, бұл мәселе сиырқұйымшақтанып қала бере ме деп те ойлайсың. Алайда алыпсатарлар да осыған орай өз жауапкершіліктерін қатаң сақтау керек емес пе? Мұны құзырлы органдардың назарда ұстағаны жөн. Бұл бір ғана тауар төңірегіндегі әңгіме. Ал басқа өнім сапасы туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Иә, Президент кәсіпкерлікті дамыту үшін оларды тексеруге тыйым салғаны белгілі. Қысқасы, бұлай жалғаса берсе, шай ішу дәстүрі де өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Ж.НАРИМАНОВА



