АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ

 БҮГІНДЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚТАРЫНЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛДЫ. ӨНЕРКӘСІП ӨНДІРІСІНІҢ ҰЛҒАЮЫ, ЦИФРЛАНДЫРУ ҮДЕРІСІНІҢ ҚАРҚЫНДАУЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ САНЫНЫҢ АРТУЫ ЭЛЕКТР ЭНЕР­ГИЯСЫНА ДЕГЕН СҰРАНЫСТЫ ЖЫЛ САЙЫН ӨСІРІП КЕЛЕДІ. ҚАЗАҚС ТАН ДА БҰЛ ҮДЕРІСТЕН ТЫС ҚАЛЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ.

Осыған байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен атом электр стансасын салу мәселесі жалпы халықтық  референдумға ұсынылғаны білгілі. Бұл – ел тағдырына қатысты маңызды стратегиялық шешімнің халықтың тікелей қатысуымен қабылданғанының айқын көрінісі екені сөзсіз. Референдум азаматтарға Қазақстанның энергетикалық болашағына қатысты өз таңдауын жасауға мүмкіндік беріп, қоғамдағы ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарының нығайғанын көрсеткені кәміл.

Сондықтан атом энергетикасын дамыту – жаңа қуат көзін қалыптастыру ғана емес . Бұл - энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға, экономиканың тұрақты дамуына, ғылым мен жоғары технологиялардың өркендеуіне және келешек ұрпақтың игілігіне қызмет ететін стратегиялық міндет болып таб ылады.

ҚАУІПСІЗДІК – БАСТ Ы ТАЛАП

Атом энергетикасы туралы сөз болғанда қоғамды ең алдымен қауіпсіздік мәселесі алаңдатары сөзсіз. 1986 жылғы Чернобыль атом электр стансасындағы апат әлем жұртшылығын дүр сілкіндіріп, атом энергетикасына деген көзқарасты түбегейлі өзгерткені белгілі. Кейін 2011 жылы ең дамыған ел - Жапонияның өзіндегі «Фукусима-1» апаты да халықаралық қауымдастыққа үлкен сабақ болды. Алайда өткен ғасырдың соңына қарай әлем елдері дәстүрлі көмір энергетикасының қоршаған орта мен адам денсаулығына тигізетін зардабының ауқымды екенін терең түсіне бастады. Ал сарап­шылар күн мен жел энергиясы секілді баламалы қуат көздері тұрақты электрмен қамту тұрғысынан әлі де толық шешім бола алмай отырғанын алға тартады. Әрі қомақты қаржыны талап ететін көрінеді. Осы жағдайлар атом энергетикасына деген қызығушылықтың қайта артуына жол ашты.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Чернобыль: Қайғылы жағдай қайталануы мүмкін бе?» атты мақалада атап көрсетілгендей, осы оқиғалардан кейін атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздік жүйелері түбегейлі жаңғыртылып, халықаралық талаптар бірнеше есе күшейтілді. Бүгінде мамандар Чернобыль деңгейіндегі апаттың қайталану қаупі барынша төмендетілгенін айтады.

Атом энергетикасын дамытудағы басты міндеттің бірі – халықаралық қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтау. Осы мақсатта Қазақстан мен Атом энер­гиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасында 2036 жылға дейінгі ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Құжат атом энергетика­сын бейбіт мақсатта дамытуға, ядролық медицина мен ғылыми зерттеулерді өркендетуге, сондай-ақ білікті мамандар даярлауға бағытталған.

« Егемен Қазақстанның » « Атом қуаты : энергетикалық белеске сенімді қадам» атты мақаласында атом энргиясы жөніндегі халықаралық агенттік бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстанның атом саласын дамытудағы жауапты әрі жүйелі ұстанымын жоғары бағалағаны атап көрсетілген. Бұл еліміздің халықаралық қауіпсіздік стандарттарына адалдығын көрсетеді.

Мемлекет басшысы бекіткен 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясы да осы мақсаттарға негізделген. Стратегия энергетикалық теңгерімді әр тараптандыруды , көміртегі шығарындыларын азайтуды және елдің ғылыми- технологиялық әлеуетін арттыруды көздейді.

Қоғамда атом энергетикасының қауіпсіздігіне қатысты түрлі пікірлер айтылатыны рас. Алайда халықаралық зерттеулер ядролық энергетиканың көмір мен мұнайға негізделген дәстүрлі энергети­камен салыстырғанда қауіпсіздігі жоғары екенін көрсетеді. Өйткені көмір өндіру мен жағу бары­сында өндірістік апаттар мен қоршаған ортаның ла­стануынан келетін зиян әлдеқайда жоғары екендігін дәлелдейді.

Бүгінде жаңа буындағы атом электр станса­лары ең күрделі табиғи және техногендік қауіп- қатерлерді ескере отырып жобаланады. Мұндай нысандар күшті жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл секілді төтенше жағдайларға төтеп бере алады. Қауіпсіздік жүйелері ықтимал апаттардың ал­дын алып, олардың салдарын барынша азайтуға бағытталған.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ФАКТОРЫ

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері көтеріле бастаған екен. Алайда экономикалық қиындықтарға байланысты бұл бастама ұзақ уақыт кейінге шегеріле беріпті. Соңғы жылдары елдегі электр энергиясына сұраныстың артуы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселесінің өзектене түсуі АЭС құрылысы туралы мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды.

«Қазақстандағы АЭС құрылысы: тұжырымдар, пайдасы және тәуекелдер» атты республикалық сараптамалық мақалада Қазақстан атом энергети­касын дамытуға әлеуеті жоғары 27 мемлекеттің қатарына жататыны көрсетілген. Еліміз уран өндіруден әлемде көш бастап келеді.

2024 жылғы 6 қазанда өткен жалпыхалықтық рефе­рендумда дауыс берген азаматтардың басым бөлігі АЭС құрылысын қолдағанына куә болдыңыздар. Бұл энергетикалық болашаққа қатысты маңызды шешімнің халықтың еркімен қабылданғанын аңғартады.

АЭС құрылысының басты артықшылықтарының бірі – энергетикалық тәуелсіздікті нығайту. Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі айтарлықтай өсе береді. Ал қолданыстағы жылу электр станцияларының едәуір бөлігі моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген. Мұндай жағдайда тұрақты әрі сенімді қуат көзі қажет.

Атом электр станциясының ерекшелігі - тәулік бойы үздіксіз энергия өндіре алуында. Күн мен жел стан­циялары ауа райына тәуелді болса, атом энергети­касы тұрақты базалық қуат көзін қамтамасыз етеді. Сондықтан көптеген мемлекет атом энергетика­сын ұлттық энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды элементі ретінде қарастырады.

Қазақстан үшін АЭС құрлысының тағы бір маңызды қыры– энергетикалық саланы әртараптандыру. Қазіргі таңда электр энергиясының басым бөлігі көмір арқылы  өндіріледі. Бұл экологиялық жүктемені арттырып қана қоймай, көмірге тәуелділікті күшейтеді. Ал сарапшылар атом энергетикасының көміртегі шығарындыларын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді.

Республикалық басылымдағы деректерге сәйкес, Беларусь атом электр стансасының іске қосылуы елдің импорттық энергия көздеріне тәуелділігін едәуір азайтқаны мысал ретінде келтіріледі.

«Егемен Қазақстанның» «АЭС: байыпты көзқарас» атты мақаласында еліміздегі жылу электр станса­лары атмосфераға жыл сайын 14 миллион тоннадан астам зиянды қалдық шығаратыны көрсетілген. Ал атом электр стансалары электр энергиясын өндіру кезінде көмірқышқыл газының бөлінуін айтарлықтай азайтады.

БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы атом энергетикасын парниктік газдарды ең аз бөлетін энергия көздерінің бірі ретінде бағалайды. Сондықтан көптеген мемлекет үшін атом энергетикасы «жа­сыл экономикаға» көшудің маңызды тетігіне айна­лып отыр.

Қазақстан да көміртегі шығарындыларын қысқарту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындау жо­лында атом энергетикасын маңызды құралдардың бірі ретінде қарастыруда.

Әлемнің 30-дан астам мемлекеті атом энергети­касын табысты пайдаланып келеді. АҚШ, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Британия және басқа да дамыған елдердің тәжірибесі атом энергетикасының энергетикалық қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін көрсетіп отыр.

Қазіргі кезде климаттың өзгеруі бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналды. Осындай жағдайда электр энергиясын өндіру кезінде көмірқышқыл газын ба­рынша аз бөлетін атом энергетикасы көптеген мем­лекеттер үшін «жасыл экономикаға» өтудің маңызды құралдарының бірі болып отыр. Қазақстан үшін де бұл бағыт экологиялық жауапкершілік пен тұрақты дамуды ұштастыратын стратегиялық таңдау болады деп күтілуде.

Атом электр стансалары жұмыс барысында атмосфераға күл, күкірт диоксиді немесе азот оксидтері секілді зиянды қалдықтарды іс жүзінде шығармайтынын да атап өткен жөн.

ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН

Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекеттердің бірі саналады. Сондықтан елімізде атом саласын дамытуға қажетті табиғи және ғылыми база қалыптасқан. «Егемен Қазақстанның» «Атом энергиясы - технологиялық серпіліс кепілі» атты мақаласында атап көрсетілгендей, атом энергетикасы тек электр қуатын өндірумен шектелмейді. Ол ғылым мен технологияның дамуына, жаңа өндірістердің ашы­луына және жоғары білікті кадрлардың қалыптасуына ықпал етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында елімізде бірнеше атом электр стансасын салу міндетін қойып, атом саласын дамытуға ерекше мән берді. Осы мақсатта Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылғанын білесіздер.

Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық бүгінде маңызды ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Соны­мен қатар Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде атом энергетикасы ма­мандарын даярлау бағытындағы жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Атом энергетикасын дамыту еліміздің ғылыми- инженерлік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жаңаөндірістердің ашылуына, жоғары технологиялардың енгізілуіне және мыңдаған жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл сала энергетикалық қауіпсіздікпен қатар ғылыми- техникалық прогрестің де маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр.

АТОМ САЛАСЫ: 2050 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ

Елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі Атом саласын дамыту стратегиясын бекітті. Бұл құжат Қазақстанның энергетикалық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, ғылыми-технологиялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бағдарлама болып саналады. Бұл бағыттағы нақты қадамдар да айқындала бастады. Атом энер­гиясы жөніндегі агенттігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясовтың мәлімдеуінше, еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысы 2027 жылы баста­лады. «Балқаш» атауы берілген атом электр стансасын пайдалануға беру 2030 жылдардың ортасына қарай жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның атом энерге­тикасын дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарының іс жүзінде жүзеге аса бастағанын көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, стратегия энергетикалық теңгерімді әртараптандыруға, көміртегі шығарындыларын азайтуға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді. Құжатта атом электр стансаларын салу, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, уран қорларын тиімді игеру, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау мәселелері қамтылған.

Бас басылымның биылғы 18 сәуірдегі санында жарияланған мәліметке сәйкес, 2050 жылға қарай елімізде кемінде үш атом электр стансасын салу жо­спарланып отыр. Сонымен қатар Атом энергиясы жөніндегі агенттік ірі станциялармен қатар еліміздің қолайлы өңірлерінде шағын модульдік реакторлар негізіндегі атом электр стансаларын орналастыру мүмкіндігін де қарастыруда. Болашақта пайдалану мерзімі аяқталатын көмір электр станцияларын кезең- кезеңімен атом энергетикасы нысандарымен алма­стыру мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Бүгінде еліміздегі екінші атом электр стансасын Алматы облысында салу мәселесі қарастырылуда. Мұндай ауқымды жобалар энергетикалық секторды әртараптандырып қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа өндірістер ашуға және ғылыми-технологиялық дамуға тың серпін береді деп күтілуде.

ҚОРЫТЫНДЫ

Атом энергетикасын дамыту - бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да мүддесіне қызмет ететін стратегиялық таңдау. Энергетикалық қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік, ғылыми-технологиялық даму және экономикалық өсім сияқты маңызды міндеттердің тоғысқан тұсында тұрған бұл бастама Қазақстанның ұзақмерзімді ұлттық мүдделеріне толық сай келеді.

Сондықтан атом энергетикасы қағидаттарын іске асыру - уақыт талабы ғана емес, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, ғылыми- технологиялық өрлеуіне жол ашатын стратегиялық таңдау.

 

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT