– Көктемгі санитарлық тазалық жұмыстарына жоспар жасақталып, нақты жұмыстар бекітілді. Алғашқы сенбіліктер ұйымдастырылып, оған округ аумағындағы барлық мекемелерден 150-ден аса қызметкер қатысты. Жалпы көлемі 20 тонна қоқыс жиналды,– дейді Елтай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмат Махметов.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын насихаттау, ауыл тұрғындарын тазалыққа үйрету мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Енді көшелердегі қоқыс жәшіктерін сырлау, мекеме аулаларына, саябақтарға тал отырғызу жоспарланып отырған көрінеді.
Елтай, Аққала ауылдарындағы істен шыққан көше жарық шамдарын ауыстыру жұмыстары қолға алынған. Самаладай жарқыраған шамдар көшеге сән беріп тұр. Округ аумағындағы қолданыстағы тозығы жеткен баннерлер жаңасымен ауысты рылыпты.
Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін реттеу және тозығы жеткен маңдайша ауыстыру бойынша түсінік жұмыстары жүргізілуде. Аққала ауылындағы кірме жолға жол таңбасы мен жаяу жүргінші өткелін сызу жұмыстары жоспарда бар. Сондай-ақ қоқыс төгуге арналған алаңдарды ретке келтіру, иесіз қоқыстарды жою жұмыстары ұйымдастырылмақ.
Бұралқы иттерді аулау бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер анықталып, жұмыстарды уақытылы жүргізіліп отыр екен.
С.Көшеков



