М.Сиранов атындағы орта мектептің үздік оқушыларының бірі Нағим Ұлдана Қанатқызы «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Туған ел. Туған жер. Туған өлке» атты байқаудың жеңімпазы атанды.
«Менің атам – майдангер» атты эссе бағамы бойынша І орын иегері атанған ол Астана қаласындағы «Expo» инновациялық орталығында өтетін марапаттау рәсіміне арнайы шақыртылды.
Марапаттау кезінде Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА «Педагогикалық квалиметрия» орталығының директоры Қаппасова Сандуғаш Елтайқызы «Дарынды оқушы» төсбелгісі мен «Beginner-Intermediate» деңгейі бойынша 3 айлық ағылшын тілі курсы сертификатын табыстады. Ал жетекшісі Эльвира Құлбарақ «Инклюзивті білім беру ортасындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі құрамындағы педагогтердің қызметі» тақырыбы бойынша 80 академиялық сағаттық курс сертификатына ие болды.
– Әр ата-ана үшін ұл-қызының тәрбиелі өсіп, білім шыңдарынан көрінуі үлкен бақыт қой. Бұл қуанышты хабарды естігенде мен де қуандым. Содан ата-анасы боп бас қалаға жол тартып, қызымыздың жұлдызды сәтіне куә болдық, – дейді әкесі Қанат Мыңбаев.
Биіктен көрінген Ұлдананың бұған дейінгі де жетістігі аз емес. Ол 2024 жылы республикалық ғылыми жобада 1 орын иегері атанып, «Үздік ғылыми жоба авторы» төсбелгісімен (жетекшісі: Жапырақ Тұрымбетова) марапатталып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша дарынды балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту және ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды қолдау және жетістіктерін насихаттау мақсатында құрастырылған энциклопедияға енді.
Айта кетейік, «Алтын жұлдыз» – дарынды балаларға арналған халықаралық шығармашылық сыйақы. Ол оқушылардың білімдегі, өнердегі немесе спорттағы жетістіктерін бағалап, оларды ынталандыру мақсатында беріледі.
"Дендер-ақпарат"



