БҰДАН ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН РЕДАКЦИЯ ЕСІГІН ИМЕНЕ АШЫП, ҚОРҚАСОҚТАП КІРГЕНІМДЕ ЖҮЗІ ЖЫЛЫ, СҰЛУ ПІШІНДІ, ҚЫРЫҚ ЖАСТАРДАҒЫ ЖАСАМЫС, ФРАНЦУЗ ФИГУРАЛЫ ӘЙЕЛ АДАМ КӨЗІМЕ ЖЫЛЫҰШЫРАЙ КӨРІНГЕН. КІРГЕНДЕГІ ҮРКЕК КЕЙПІМНЕН АЙРЫЛЫП, ІШТЕЙ СЕНІМДІЛІК ПАЙДА БОЛА ТҮСКЕНДЕЙ. БҰЛ КІМ ДЕЙСІЗ БЕ? ОЛ АҚБІЛЕК ИМАШҚЫЗЫ БЕКТУРЛИЕВА ЕДІ.
«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей , бұрын-соңды көрген адамым болмаса да редакцияға екі ай сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдана кетуімді ол кісімен байланыстыратыным бар. Редакцияда сол жылдары жұмыс жасаған ер адамдардың ішіндегі жалғыз қыз болсам да жеңілдік жасаған жоқ, талап күшті, тәртіп қатты. Бір жағынан Ақбілек апам да «қолыңнан келеді» деп қайрап-қайрап қояды, редакцияда жұмыс жасап кеткен қыздарды мысалға алады.
Бүгінгі шағын мақаламды Ақбілек апаға арнағым келді. Ақбілек апаны редакцияның «кілті» десе болады, күнделікті тыныс-тіршілік, ертеңгі күннің қамы осы кісімен байланысты . Есепші болғандықтан редакцияның есеп-қисабын жүргізіп қоймайды , баспахананың тірлігіне де араласатын еңбегі бар еді. 90-шы жылдардағы қиын кезеңде газет бастырып шығатын қағазды іздеп, Атыраудан сабылып іздеп, көзін тауып қайтатын. Қағаз жоқ болса жұмыс тоқтады деген сөз. Сол кездегі редактор Ерсайын Көшеков ағамыз да Ақбілек апамызға сенім артатын, редактордың «оң қолы» десе де болады. Адамдармен тіл табысып, әр істің орайын ойластып отыратын еңбекқорлығын, іздемпаздығын ерекше бағалайтын.
Ұжымдағы не шара болса да олсыз өтпейтін. Редакцияның 60 жылдық мерекесінде ауа ауа-райының жайсыздығына қарамай өтіп шығуына мұрындық болғаны есімде. Штаттан тыс тілші, одан қалса оқырмандар редакциямен байланыста болуында Ақбілек апаның еңбегі зор. Тағы бір қасиеті, әр отбасының тыныс-тіршілігімен таныстығы. Отбасының «ішкі саясатына» араласпағанымен кейде жетпей жатса жетістіруге, ертеңгіні ойлауға ақыл-кеңесін беріп отыратын, қолдап жәрдемдесетін.
Редакцияның есепшісі бөлмесінде үнемі шай қайнап тұратын. Ұжым түгел жиналып, бір стакан шайымызды жайдарлана ішіп арқа-жарқа болатынбыз. Кейде «ақаңнан» басы ауырып тұрған жігіттердің басын ыстық шайымен жазып, жұмысқа деген құлшынысын оятатын. Жұмысқа кешігіп қалса, орнын жоғалтпай, шыр-пыр болып жүретін аналық қасиеті бөлек еді.
Мақат ауданында туып-өскен Ақбілек апамның кең мінещі , адамға болмасын демейтін асыл қасиеті, адамгершілігі, ұйымдастыру қабілеті ерен. Ол – ана , Мақтым ағаның асыл жары, отбасының алтын діңгегі. Ағайын-туманың ортасында сыйлы, құрметті. Ақбілек апа – немере, шөпшек сүйген, жапырағы жайылған отбасының әжесі. Жуырда отбасында үлкен қайғы орын алып, аяулы ұлы кенеттен өмірден озуы қабырғасын қақыратып, жүрегіне салмақ түсіріп кетті.
Мақтауды да, мадақтауды аса сүймейтін Ақбілек апам туралы естеліктер өте көп, бір кітапқа жүк болардай. Оны кезінде жаза жатармыз.
Апа, 80 жасыңыз құтты болсын. Деніңіз сау болып, ұрпағыңыздың ортасында ағаның көрмей кеткен қызығына ортақтасып, тоқсанға тоқтамай, жүзге жетіңіз демекпін.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА,
Елтай ауылы

