БЫЛТЫР ЖЫЛ СОҢЫНДА "АҚ НИЕТ" ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ ИНДЕРБОР КЕНТІНДЕГІ АЗ ҚАМТЫЛҒАН 100 ОТБАСЫ ҮШІН «ДЕНДЕР» ГАЗЕТІНЕ АЛТЫ АЙҒА ЖАЗЫЛУ НАУҚАНЫН ҰЙЫМДАСТЫРЫП, ДЕМЕУШІЛІК ТАНЫТҚАН БОЛАТЫН. АТАЛМЫШ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ БИЫЛ ДА ИГІ БАСТАМАСЫН ЖАЛҒАСТЫРДЫ. ЖУЫРДА ҚОР ӨКІЛІ ЕРБОЛ ОРЫНБАЙҰЛЫ СӘНЖАНОВ РЕДАКЦИЯҒА АРНАЙЫ КЕЛІП, АТАЛҒАН 100 ОТБАСЫНЫҢ ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУЫН КЕЛЕСІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚҚА ҰЗАРТТЫ.
Ербол Орынбайұлының айтуынша, тұрғындар арасында газетке тұрақты қызығушылық танытып, редакциядан тікелей алып оқитын оқырмандар қалыптасқан.
- «Дендер» газетін редакциядан алып оқитын тұрақты оқырмандар бар екен. Сондықтан олардың жазылымын әрі қарай жалғастыруды жөн көрдік, - дейді ол.
«Ақ ниет» қайырымдылық қоры 2021 жылы құрылған. Қордың негізін қалаған және қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың дені - еліміздің экономикасы мен өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан «Теңізшевройл» ЖШС-де еңбек ететін индерлік жігіттер.
Қор мүшелері аудандағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі.
Мысалы, өткен оқу жылы қарсаңында аудан бойынша 71 оқушыға жалпы құны 1 миллион 100 мың теңгеден астам қаржыға оқу құралдары мен киім-кешек алып берген. Бұдан бөлек, қыс мезгілінде ата-аналардың өтініші негізінде оқушыларға қысқы киімдер мен азық-түлік жеткізуге де қолдау көрсеткен. Соның бір мысалы ретінде Көктоғай ауылындағы 10 оқушыға 286 мың теңгеге қысқы киім алып берілген.
– Біз мектеп әкімшіліктерінен аз қамтылған отбасылардың тізімін сұратамыз. Сонымен қатар көмекке мұқтаж ата-аналар өздері де хабарласып жатады. Қолдан келгенше қиналған жандарға қолұшын созуға тырысамыз. Ең бастысы - қор қаржысының нақты мұқтаж адамдарға жетуіне баса мән береміз. Алдағы оқу жылында да осындай қайырымдылық жұмыстарын жалғастыру жоспарымызда бар, – дейді Ербол Орынбайұлы.
Ербол Сәнжанов - Индербор кентінің тумасы. Оның атасы Сәнжан мен әкесі Орынбай да ауданның өндіріс саласында ұзақ жыл еңбек етіп, Индердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтар еді.
Ербол М.Әуезов атындағы орта мектепті 2012 жылы тәмамдап, кейін Алматыдағы Энергетика және байланыс университетінің Электр энергетикасы факультетінде білім алған. Жоғары оқу орнын 2016 жылы аяқтаған соң, 2017 жылдан бері «Теңізшевройл» компаниясында өз мамандығы бойынша тындырымды еңбек етіп келеді. Отбасында анасы Айгүл мен жұбайы және кішкентай бүлдіршіндері бар.
– Біз кешенді технологиялық желі зауытында өндірістің үздіксіз жүруі үшін электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету жұмыстарын атқарамыз. Осы арқылы мұнайшылардың қалыпты жұмыс жасауына өз үлесімізді қосып келеміз, – дейді ол.
Қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтардың бұл бастамасы көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Осы орайда «Ақ ниет» қайырымдылық қорының төрағасы Жантұрған Амантайұлы Шанкуловқа, қордың белсенді мүшесі, «ТШО» зауытының аға шебері Ақылбек Сәттіғұлы Әзербаевқа және қордың барлық мүшелеріне редакция ұжымы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Ел игілігі жолындағы қайырымды істеріңіз көбейіп, халықтың алғысына бөлене беріңіздер!
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ



