АЛАШ АРЫСЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ «ҰЛТЫНА, ЖҰРТЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – БІЛІМНЕН ЕМЕС, МІНЕЗДЕН» ДЕП ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН АДАМНЫҢ АДАЛДЫҒЫ МЕН ӘДІЛДІГІ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ БОЛУЫ ҚАЖЕТ ЕКЕНДІГІН АЙТСА КЕРЕК-ТІ. ӨЙТКЕНІ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ СЕНІМІДІЛІКТІ ТУҒЫЗУ – ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ МІНДЕТІ. БҮГІНДЕ АҚ ЖАҒАЛЫ КӨЙЛЕК ПЕН КЕЛІСТІ КОСТЮМ-ШАЛБАР КИІП, ГАЛСТУК ТАҚҚАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСЫНАН БӨЛЕК, ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСЫНА, МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫНА, ЭТИКАСЫНА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ. СОҒАН ОРАЙ ЕЛІМІЗДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ӘДЕП КОДЕКСІ МЕН «ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ТУРАЛЫ» ЕРЕЖЕ БЕКІТІЛІП, ЖҰМЫС АТҚАРЫП КЕЛЕДІ. БІЗ ДЕ ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҚОҒАМ МЕН БИЛІК АРАСЫНДА ДӘНЕКЕР БОЛЫП, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРЫП ЖҮРГЕН ЖЕРЛЕСІМІЗ АХМЕТОВА ФАРИДА ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫМЕН СӨЙЛЕСКЕН ЕДІК.
Ол 1976 жылы 21 маусымда Гурьев қаласында дүниеге келген. 1982-1992 жылдары Елтай ауылындағы М.Сиранов атындағы мектебінде білім алған соң 1992 жылы Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «филология» факультетіне оқуға түсіп, 1997 жылы «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, кейін осы университеттен «құқықтану» мамандығын, 2020 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік мемлекеттік Әділет университетінде магистратурасында білім алып, «заң ғылымдарының магистрі» дәрежесін алды.
Фарида Төлегенқызы еңбек жолын 1997 жылы Атырау облысы Махамбет селосындағы Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің» мұғалімі қызметінен бастайды. 2001 жылы Атырау қаласындағы Д.Байбосынов атындағы мектеп-гимназиясына ауысу тәртібімен аталған пән мұғалімі болып 2005 жылға дейін қызмет етеді. 2005-2007 жылдары Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас маман, 2007-2008 жылдары Атырау медициналық колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді. Қоғамдық өмірдегі белсенділігімен танылған ол 2008-2009 жылдары «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалының қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі, 2009-2013 жылдары ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2013-2014 жылдары ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, 2015-2016 жылдары партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Осылай мемлекеттік қызметке қадам басып, 2016-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы директорының орынбасары лауазымына орналасады. Осы ретте кейіпкерімізге педагогтік саладан мемлекеттік қызметке келуіне не себеп болғанын сұрағанымызда:
– Өмір жолыма зер салсам, педагогикалық қызмет пен мемлекеттік қызметтің екеуі де отбасымнан бастау алғанын аңғарамын. Әкем мемлекеттік қызметте басшылық қызметтер атқарған, елге адал еңбек сіңірген азамат болды. Ол кісінің бүкіл ғұмыры туған жердің дамуына, халықтың игілігіне арналған десем артық айтқандық емес. Әкем қай қызметте жүрсе де жауапкершілік пен адамгершілікті бәрінен жоғары қоятын. Артында халықтың алғысына бөленген көптеген игі істер қалды. Бүгінде туған жерге барғанда үлкен кісілердің әкем туралы жылы лебіздерін естіп марқаямын. Сол сәттерде адамның ең үлкен байлығы артында қалған жақсы аты мен халықтың ықыласы екенін терең сезінесің. Әкем менен әрдайым зор үміт күтті. Бала кезден менің қолымнан үлкен іс келетініне сенетін. Оның маған артқан сенімі мен көрсеткен қамқорлығы өмір бойы шабыт беріп келеді. Кейде адам өз мүмкіндігін өзі толық бағалай алмайтын кездер болады. Сондай сәттерде әкемнің сенімі мені алға жетелеп отырды. Ал анам мұғалім болды. Бала күнімнен ұстаз еңбегінің қадірін көріп өстім. Анамның әрбір шәкіртіне жанашырлықпен қарап, олардың білімді де тәрбиелі азамат болып қалыптасуына күш-жігерін жұмсайтынын көретінмін. Сол арқылы ұстаздықтың жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен жүрек қалауын талап ететін қасиетті қызмет екенін түсіндім. Сондықтан еңбек жолымды педагогика саласында бастауым заңды құбылыс болды. Бұл мамандық маған адамдармен жұмыс істеуді, әр адамның ішкі жан дүниесін түсінуді, тыңдай білуді, сабыр сақтауды және жауапкершілікті үйретті. Бүгінде қандай да бір жетістікке жетсем, соның негізінде ата-анамның тәрбиесі мен сенімі жатыр деп есептеймін. Мемлекеттік қызметке келуім де сол тәрбиенің жалғасы болды. Өйткені педагог та, мемлекеттік қызметші де халыққа қызмет етеді. Бірі ұрпақ тәрбиелейді, бірі қоғамның дамуына үлес қосады. Сондықтан мен бұл екі саланы бір-бірінен бөлек қарамаймын. Екеуінің де түпкі мақсаты – елге қызмет ету, – дейді ол.
Одан соң 2017-2019 жылдары Атырау облысы Жылыой ауданы әкімінің орынбасары, 2019 жылдың тамызынан қазіргі уақытқа дейін Атырау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі қызметін атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруда әдеп жөніндегі уәкілге жүктелген жауапкершілік жүгі оңай емесі анық. – Мемлекеттік қызметтің беделі ең алдымен сол қызметті атқаратын адамдардың кәсібилігіне, мәдениетіне және адамгершілік ұстанымдарына байланысты қалыптасады. Сондықтан әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі қазіргі таңда өте маңызды деп есептеймін. Кейде әдеп жөніндегі уәкілді тек тәртіп пен бақылауға жауапты тұлға ретінде қабылдайды. Ал менің түсінігімде оның міндеті әлдеқайда кең. Әдеп жөніндегі уәкіл ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жақсы болуына ықпал етіп, қызметкерлерге бағыт-бағдар беретін, қажет кезде ақыл-кеңесін ұсынатын, сенім арта алатын тұлға болуы керек. Мемлекеттік қызметтің оң имиджі үлкен мінберлерден айтылатын сөздерден емес, күнделікті қарым-қатынастан басталады. Азамат мемлекеттік органға келгенде оның мәселесіне түсіністікпен қарап, құрмет көрсетілсе мемлекеттік қызметке деген сенім артады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өзінің әрекеті арқылы мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастыратынын ұмытпауы қажет. Бұл мәселеде мен әкемнің өмірлік ұстанымдарын жиі еске аламын. Ол кісі «Қандай қызмет атқарсаң да, ең алдымен адам болып қал» деп айтып отыратын. Расында да, адамгершілік жоқ жерде кәсібиліктің өзі толық мәнге ие болмайды. Мемлекеттік қызметтің оң имиджі әділдік, ашықтық, қарапайымдылық, жауапкершілік және азаматтарға құрмет көрсету сияқты құндылықтар арқылы қалыптасады деп ойлаймын. Әдеп жөніндегі уәкілдің басты міндеті де осы құндылықтардың қызметтік ортада орнығуына ықпал ету. Өйткені әдеп мәдениеті қалыптасқан жерде өзара сыйластық болады, ал сыйластық бар жерде нәтижелі жұмыс болады, – дейді Фарида Ахметова. Қызмет ете жүріп Фарида Төлегенқызы 2009 жылы Атырау облысы мәслихатының шешімімен облыстың саяси-әлеуметтік дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Атырау облысының Құрмет грамотасымен, 2022-2023 жылдары Мемлекеттік қызметтегі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі істері агенттігінің Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталса, 2023 жылы республика көлемінде өткен «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» республикалық конкурсының бас жүлде иегері атанған. Ол – отбасында аяулы жар, үш баланы тәрбиелеп отырған ана. Әріптестері де оның мемлекеттік қызметтегі еңбегін жоғары бағалайды.
– Фарида Төлегенқызы – жоғары кәсібилігімен, терең білімімен және жауапкершілігімен ерекшеленетін білікті маман. Мен оны өз ісіне адал, еңбекқор әрі ізденімпаз әріптес ретінде білемін. Бірнеше жыл бойы әдеп жөніндегі уәкілдер ретінде бірге қызмет атқара жүріп, оның әділдігіне, парасаттылығына және әріптестермен сындарлы қарым-қатынас орната білетін қасиеттеріне көз жеткіздім. Оған зор денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс және жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін, - дейді Астана қаласындағы әріптесі Гүлжахан Үсенова.
Ойшыл Абай Құнанбаев «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп осы үш қасиеттің адам бойынан көрініс тапса ғана тұлғалық даму мен кемел ойлы боласың» десе, Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деп Абай айтқан «толық адам» мемлекеттік қызметшінің тұл ға лық болмысын жетілдіруде негізгі бағдар болуы қажет екендігін айтады. Расымен де әр мемлекеттік қызметші ел үшін адал еңбек етіп, адалдық пен ашықтықты, әділдікті басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынса халықтың да алғысын алары сөзсіз. Фарида Төлегенқызы да бүгінгі күннің мемлекеттік қызметшісі заман талабына сай кәсіби білімі жоғары, жаңашыл ойлайтын және өзгерістерге бейім азамат болуы керек деп есептейді.
– Қазіргі қоғамның сұранысы да, талаптары да жоғары. Сондықтан мемлекеттік қызметші үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Сонымен қатар кәсібилікпен қатар адамдық қасиеттердің маңызы ешқашан төмендемейді деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметші ең алдымен адал, әділ, жауапты және еңбекқор болуы керек. Халықтың мәселесіне бейжай қарамай, әрбір өтініш пен ұсыныстың артында адам тағдыры тұрғанын түсіне білуі қажет. Менің бойымдағы осындай құндылықтардың қалыптасуына ата-анамның тәрбиесі үлкен әсер етті. Әкем жауапкершілік пен елге қызмет етудің үлгісін көрсетсе, анам бізді еңбекқорлыққа, білімге құрметпен қарауға тәрбиеледі. Осы жаста түсінгенім, адамның шынайы бағасы оның атқарған қызметімен ғана өлшенбейді екен. Ең бастысы, артында қандай із қалдырды, қандай өнеге көрсетті, адамдардың жүрегінде қандай орын алды? Мен үшін осы қағида әрдайым маңызды болып қала береді. Сондықтан бүгінгі мемлекеттік қызметшінің ең басты капиталы – халықтың сенімі деп есептеймін. Ал сенім біліммен, адал еңбекпен, әділдікпен және адамгершілікпен ғана қалыптасады. Егер әрбір мемлекеттік қызметші осы қағидаларды басшылыққа алса, мемлекеттік қызметтің де беделі артып, қоғамның мемлекетке деген сенімі нығая түседі, – деді ол. Иә, «Пайда ойлама, арды ойла» деп Абай айтқандай, ар-ұжданын бәрінен биік қояр, ерік-жігері жоғары, халықтың сенімінен шыға білетін мемлекеттік қызметшілер қатары көбейсе, саладағы сапалы жаңғырудың негізі болмақ.
Ж.Нариманова



