Құлсарыда «50+» жобасының қатысушылары жарқын ретро кеш өткізді

Құлсарыда «50+ Ешқашан кеш емес» жобасының қатысушылары өз өнерлерін ортаға салған «Ретро әндер кеші» өтті. Концерттік бағдарлама аясында жоба қатысушылары бірнеше ай бойы меңгерген өнерлерін көрермен назарына ұсынды. Шараны «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы қолдауымен «Janasha» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Кеш барысында вокалдық шығармалар орындалып, домбыраның үні мен би қойылымдары көрермен көңілінен шықты. Қатысушылар үшін бұл кеш көпшілік алдында өнер көрсету ғана емес, тұрақты сабақтар барысында жинақтаған тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік болды.

Жоба бүгінде Құлсары қаласының 50-75 жас аралығындағы 150-ге жуық тұрғынын қамтиды. Олар вокал, домбыра, хореография, ағылшын тілі, йога және аэробика бағыттары бойынша тұрақты түрде білім алуда. Сабақтар қатысушыларға жаңа дағдыларды меңгеруге, дене белсенділігін арттыруға және қарым-қатынас аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Біздің басты мақсатымыз — қатысушылардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасау, денсаулығын нығайтуға, қарым-қатынас жасауына және өз қабілеттерін ашуына мүмкіндік беру», — деді «Janasha» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Алтынай Серікпай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ретро кеш жоба аясындағы маңызды шаралардың біріне айналып, оның нәтижесін айқын көрсетті. Қатысушылар сабақтарға қатысып қана қоймай, алған білімдері мен дағдыларын сахнада қолданып, шығармашылық белсенділіктерін танытуда.

«50+ Ешқашан кеш емес» жобасы аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың әрі қарай дамуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беруге бағытталған. Жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT