Облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Жарқыра» бағдарламасының 40 жартылай финалисі анықталды. Биыл бағдарламаға өңірден 123 өтінім түскен.
Жартылай финалға Атырау қаласы мен Жылыой, Индер, Исатай, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарынан қатысушылар өтті. Олардың жобалары балаларды дамыту және білім беру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, жұмыспен қамту, медицина, экология, спорт және басқа да әлеуметтік бағыттарды қамтыды.
Айтып өтейік, қатысушыларды сараптамалық комиссия үш негізгі критерий бойынша бағалады. Олар - әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға деген мотивация, жобаның әлеуметтік әсері және бизнес-идеяның әлеуеті.
Ендігі жартылай финалистер алдағы кезеңде білім алып, өз жобаларын дамытуға қажетті құралдарды меңгереді. Бағдарламаның мақсаты - әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған идеяларды қолдап, оларды тұрақты кәсіпке айналдыруға мүмкіндік беру.
Биыл «Жарқыра» жобасына 10 жыл толды. Осы кезең аралығында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен өңірде әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған 10 байқау ұйымдастырылып, 84 жеңімпазға жалпы сомасы 190 млн теңгеден астам қаржы берілді. Қатысушылар консультациялық қолдау алып, ТМД елдеріндегі үздік әлеуметтік кәсіпорындардың тәжірибесімен танысты. Бүгінде байқау жеңімпаздарының жобалары өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде бастамалардың басым бөлігі балаларды дамыту мен білім беруге бағытталған. Сонымен қатар медицина, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау, жұмыспен қамту, отбасы, экология, спорт және мәдениет салаларында да әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылды.
«Жарқыра» бағдарламасының жартылай финалисі Гүлназ Кәрімжан балаларға арналған фильмдер мен анимациялық роликтер түсіретін инклюзивті киностудия құруды жоспарлап отырғанын айтады.
«Балалардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың контентті тек көріп қана қоймай, оны жасауға өздері де қатысуы маңызды. «Жарқыра» бағдарламасы осы идеямды дамытуға және оны тұрақты жобаға айналдыруға мүмкіндік береді деп үміттенемін», – деді Гүлназ Кәрімжан.
Ал ТШО Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджерінің кеңесшісі Хэймиш Полс биылғы қатысушылардың жобалары өңірдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.
«Жарқыраға» биыл 123 өтінім түсті. Әр жобаның өз мақсаты мен қоғамға берер пайдасы бар. Біз қатысушыларға өз идеяларын дамытуға қажетті білім мен қолдау беріп, жақсы жобалардың тұрақты іске айналуына мүмкіндік жасағымыз келеді», – деді Хэймиш Полс.


