Жол апатын шектеудің жолы қайсы?

Ресми мәлімет бойынша, бүгінде Қазақстанда 4,7 миллион автокөлік тіркелген екен. Әрі олардың саны күн санап көбейіп келеді. Кейбір жанұяда бірнеше авто­көліктен бар. Әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ көліктің көбеюі жол апаттарының артуына әсер ететінін ұмыт­пауымыз керек. Бұл – таяқтың екінші ұшы.

Статистикаға күмән көп

Біздегі жол апаттарынан жыл сайын орта есеппен 2 -2,5 мың адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақатын ала­ды екен. Статистикалық деректер соңғы 5 жылда жол-көлік оқиға­ларының са­ны азаймай келе жат­қанын көр­сетеді. Тек былтыр­дың өзінде 14 мың 834 апат болған. Алдыңғы жыл­мен салыстырғанда жол апаты мен жарақат алғандар саны 6, қайтыс болғандар саны 7 пайызға көбейген. Жол апаттарының 95 пайызы жүргізушілер мен жаяу жүргін­шілердің, велосипед, скутер, само­кат жүргізушілерінің жол ере­же­лерін бұзуынан болады. Жол оқи­ғаларының 75 пайызы елді ме­кен­дерде болса, адам өліміне се­беп­кер болатын жол апатта­ры­ның жар­тысы қала, елді мекендер сыр­тындағы жолдарда тіркеледі. Ең бастысы, желікке ерген жүргізуші мен ережеге жүрдім-бар­дым қарайтын жолаушылардың кесірінен болған апаттан жақы­нынан айырылғандардың қайғы-қасіретін, моральдық шығынын еш нәрсемен өлшеуге келмейді. Сонда мұны қарусыз соғыстан бас­қа неге теңеуге болады? Жауапты мекемелер өз есеп­терінде жол оқиғаларының басты себебі ретінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің саналы түрде жол­да жүру тәртібін бұзды деп көр­се­теді. Бұл тұжырымға кейбір аза­маттар­дың көшеде, жолда жүру мәдение­тінің төмендігін, жүргі­зу­шілерді да­йындаудағы үлкен кем­шіліктерді, жол қозғалыс­та­рының дұрыс ұйымдасты­рыл­мауы мен сала ма­мандарының кәсі­билігінің тө­мен­дігін де қосуға болады. Кейбір халықаралық сарап­шылар жол апатынан келетін шы­ғынның салмағы ел эконо­мика­сының 3 пайыздық жоғалтуын құ­райтынын мысал етеді. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметтері бойынша, Қа­зақстан әлем бойынша жол апаты көп тіркелетін 5 елдің бірі, жол апатының әсерлік салмағы жөнінен де ТОП-5-тікке кіреді екен.

Халықты жол ережесін сақтау мәдениетіне де дағдыландырған жөн. Бізде түсіндіруден гөрі қа­телескенін күтіп, жазалауға әуестік басым. Жазалаумен тәртіп орна­майды.

 Б.Құнас

Зейнеткер

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT