ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ҚОЛҒА АЛЫНҒАН «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» НАУҚАНЫ ӨҢІРДЕ ТҮРЛІ ДЕҢГЕЙДЕГІ ІС-ШАРАЛАРМЕН ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ. ӨЗ СӨЗІНДЕ: «ЕЛІМІЗДІ АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ КӨГАЛДАНДЫРУ – ҮЛКЕН МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ІС. БҰЛ БІР РЕТТІК НАУҚАН ЕМЕС, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ МІНДЕТ. МҰНДАЙ ЖҰМЫС ҮНЕМІ ЖҮРГІЗІЛУІ КЕРЕК. БІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК. БҰЛ ӨМІР САЛТЫНА АЙНАЛУЫ ТИІС. БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАН ТАЗА БОЛУЫ КЕРЕК, БҰЛ БІЗГЕ ЖӘНЕ ЖАСТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ» ДЕГЕН ЕДІ.
Еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатқан бұл науқаннан ешкім тыс қалып жатқан жоқ. Экологиялық акция аясында жаппай сенбіліктер, тал егу жұмыстары жасалуда.
Мәселен, ауданда 500-ге жуық қызметкер қатысқан жаппай сенбілікте қоқыс полигоны аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық қалдықтар, қураған шөптер мен бұталанған ағаштар жиналып, арнайы 7 техниканың көмегімен 40 тонна қоқыс шығарылды. Одан бөлек, «Көктем», жастар саябағында, барлық ауылдық округтерде, әр мекеменің өз аумағында сенбілік тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Орталық саябақта өткен сенбілікте
мемлекеттік дербес бөлімдер мен кәсіпорындардан жалпы саны 120-дан астам қызметкер атсалысып, ағаш түптерін әктеу жұмыстары жүргізіліп, қалдықтардан тазартылды.
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай барлық ауылдық округтерде тарихи мәдени ескерткіштер, «Боздақтар» ескерткіші жанында сенбілік ұйымдастырылып, тазаланды. Айта кетсек, Есбол ауылында 1934-1942 жылдары «Социалистік мал шаруашылығы», «Коммунизм туы», «Индер», «Дендер» аудандық газетінің редакциясы мен баспаханасы болған ескерткіш белгісінің және
«Ноғай кеткен» учаскесінде орналасқан ақын Қиса Көпжанұлының қаза тапқан орнына орнатылған ескерткіштің айналалары тазаланып, сырлау жұмыстары жасалды.
Әрине, сенбіліктер аясында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Десе де, жаппай қолдау тапқан науқан аясында саябақтар мен қоқыс алаңын күтіп ұстаумен мәселе шешілмесі анық. Тазалықты өз ауламыздан бастасақ, қоршаған ортаға қосқан үлесіміз болмақ. Жалпы алғанда жұртшылықты жұмылдырған «Таза Қазақстан» жобасы бір реттік науқан емес, тұрақты болуымен нәтиже бермек.
Ж.НАРИМАНҚЫЗЫ

