ЖАЗА КҮШЕЙГЕНМЕН, ҚЫЛМЫС АЗАЙМАЙ ТҰР

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚОҒАМДА ОРЫН АЛЫП ЖАТҚАН ЗОРЛЫҚ ЗОМБЫЛЫҚ ПЕН ҚАТЫГЕЗДІКТІҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ЗАҢ ЖОБАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗДІ. ДЕСЕ ДЕ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЕЛІМІЗДЕ ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ АЗАЙМАЙ ОТЫР. ЕСТІГЕН ҚҰЛАҚҚА ТҮРПІДЕЙ ТИЕТІН ЖАЙТТАР ТІПТІ ҮЙРЕНШІКТІ ЖАЙТҚА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАНДАЙ.

 Қазақстан Республикасының Заңында зорлық зомбылықтың төрт түрі көрсетіледі. Олар: психологиялық, экономикалық, физикалық және жыныстық зорлық зомбылық. Осының ішінде ең көп кездесетіні – физикалық, психологиялық зорлық-зомбылық. Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып, денсаулыққа қасақана зиян келтіру.

 Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психика сына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды, өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту. Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстық тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер. Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – өте ауыр мәселе. Мұндай жағдайда ең бастысы қауіпсіздік пен қолдау екенін ұмытпаған жөн. Біріншіден, егер өміріңізге немесе балаларыңызға қауіп төніп тұрса, бірден полицияға немесе 102-ге хабарласыңыз. Екіншіден, көмек сұраудан қорықпаған дұрыс. Қазақстанда 111 – балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны, сондай-ақ 150 дағдарыс орталықтарының сенім телефоны жұмыс істейді. Ауданда Отбасын қолдау орталығы бар. Үшіншіден, сот арқылы қорғау нұсқамасын алуға болады – ол зорлық-зомбылық көрсеткен адамға сізге жақындауға, хабарласуға тыйым салады. Барлық оқиғаны (куәгерлердің сөздері, полиция шақырулары) құжаттап жүріңіз – бұл құқықтық тұрғыда көмектеседі. Төртіншіден, психологиялық қолдау маңызды. Бұл жерде зорлықтан кейін өзін кінәлі сезінбеуі үшін психологқа немесе сенім телефондарына хабарласып, эмоционалды қолдау алуға болады.

Аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына өткен жылы отбасылық тұрмыстық қарым-қатынас саласы бойынша 150 хабарлама тіркелді, – дейді аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры А.Ізмұханова.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026