Қазақстан Республикасының заңнамасында зорлық-зомбылықтың төрт түрі көрсетілген. Олар – психологиялық, экономикалық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Соның ішінде қоғамда ең жиі кездесетіні – физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық түрлері.
Физикалық зорлық-зомбылық – дене күшін қолданып, адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру, ұрып-соғу, денесін ауырту арқылы жасалатын әрекеттер. Ал психологиялық зорлық-зомбылық – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, қорқыту, бопсалау, қысым көрсету арқылы психикасына әсер ету. Мұндай әрекеттер адамның психологиялық және тұлғалық дамуына кері ықпал етеді.
Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстық еркіндігі мен тиіспеушілігіне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттер. Әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай қылмыстар заң алдында қатаң жауапкершілікке әкеледі.
Зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес, ол бүкіл қоғамның дерті. Сондықтан әр азамат заңды құрметтеп, отбасы құндылықтарын сақтап, мейірім мен сыйластықты басты орынға қоюы қажет

