Қоршаған ортаның тазалығы – адам денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналып отыр.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен жүзеге асырылып, тұрғындарды табиғатты аялауға, туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндейді. Бұл бастама тек аумақтарды тазалаумен ғана шектелмей, қоғамда экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Таза орта – дені сау ұлттың кепілі. Көшелердің, саябақтардың, өзен-көл жағалауларының тазалығы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдің көркеюіне де ықпал етеді. Осыған байланысты ауданымызда тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Әсіресе жастардың экологиялық шараларға белсенді қатысуы ерекше маңызға ие. Жас ұрпақ табиғатты қорғаудың мәнін түсініп, қоршаған ортаға жанашырлық танытқанда ғана экологиялық мәдениет қалыптасады. Бұл бағытта еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары және түрлі мекеме қызметкерлері бірлесіп нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Табиғатты қорғау – бір күндік науқан емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Қоқысты белгіленген орындарға тастау, ағаш отырғызу, су мен табиғи ресурстарды үнемді пайдалану – әрқайсымыздың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігіміздің көрінісі.
Таза ауыл, таза көше, таза табиғат – баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Сондықтан туған жеріміздің тазалығын сақтауға үлес қосып, экологиялық мәдениетті бірге қалыптастырайық.



