БҮГІНГІ КҮНДЕГІ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ – СУИЦИД. СОНЫҢ ІШІНДЕ ӨМІРІ ЕНДІ ҒАНА БАСТАЛҒАН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ӨМІРДЕН БАЗ КЕШІП, ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУҒА ОҚТАЛУЫ АЛАҢДАТПАЙ ҚОЙМАЙДЫ.
СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы суицидтердің 62 пайызы ата- аналармен күрделі әрі жанжалды қарым- қатынас аясында болған. Тағы 10 пайыз жағдайда балалар қолайсыз отбасылық ортада өмір сүрген немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған. Соңғы жылдары мектепте буллингтен зардап шегіп, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатқан жасөспірімдер 22 пайызды құрайды.
Сонымен қатар ranking.kz құралындағы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында кәмелетке толмағандар арасындағы аяқталған суицидтердің 75,4 пайызында себептер анықталмаған. Ата-аналармен немесе туыстарымен жанжал небәрі 13 жағдайда ғана көрсетілсе, буллинг фактісі бар болғаны екі рет тіркелген. Ал суицидке әрекет жасау жағдайларын талдағанда басқа көрініс байқалады. Мұнда отбасындағы жанжалдар негізгі қауіп факторларының бірі саналады, әсіресе қыз балалар арасында. Мәселен, кәмелетке толмаған қыздардың суицидке әрекет жасаған 126 жағдайының 94-інде оған дейін отбасылық қақтығыстар болған.
Сарапшылар статистикадағы мұндай алшақтық пен профилактикалық жұмыстың жеткіліксіздігі мектептерде психологиялық көмекті күшейтуді және жасөспірімдердің отбасындағы мәселелеріне анағұрлым мұқият қарауды қажет ететінін айтады.
Біз қоғам болып жыл сайын осы дерттің таралғанын айтып, әсіресе жас өскін жасөспірімдер арасында белең алғанын айтып келеміз. Бұл бағытта мектеп, колледж, университет қабырғасында түрлі сала өкілдері кездесу өткізіп, тренинг, семинар, сауалнама жүргізіп келеді. Десе де нәтиже көңіл көншітпейді. Аудандық құқық қорғау органдары ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері 1 адам суицид жасаса, 2 суицидке оқталу жағдайы тіркелген. Оның ішінде біреуі өмірден өткен. Жасөспірімдердің өз-өзін өлтіру дерегі тіркелмепті.
Ж.Нариманқызы

