Педагог ретінде жаңа заң жобасын еліміздің болашағын айқындайтын, білім мен тәрбиеге жаңа көзқарас қалыптастыратын маңызды құжат деп қабылдаймын. Жобада білім, ғылым және инновацияның басты басымдық ретінде белгіленуі – ұстаз еңбегінің қоғамдағы рөлін терең түсінудің көрінісі.
Заң жобасында адам капиталына ерекше мән берілуі мен үшін аса маңызды. Себебі мектеп – тек білім беретін мекеме емес, елдің ертеңін қалыптастыратын негізгі орта. Оқушының білімі, ойлау қабілеті мен құндылықтары мемлекеттің дамуына тікелей әсер ететіні заң жүзінде айқындалуы – педагогикалық қызметтің маңызын арттырады.
Сонымен қатар, әділдік, заң және тәртіп қағидаттарының нақты бекітілуі жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға берік негіз болады. Мұғалім үшін бұл құндылықтар күнделікті тәрбие жұмысының өзегіне айналуы тиіс деп есептеймін.
Жобада экологияға жауапкершілік конституциялық деңгейде көрсетілуі де өзекті. Бұл оқушыларды табиғатқа ұқыпты қарауға, экологиялық саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Экологиялық тәрбие енді тек қосымша бағыт емес, мемлекеттік маңызы бар құндылық ретінде танылады.
Ерекше атап өтетін тұс – халықтың басқару ісіне қатысуы. Бұл норма оқушыларды белсенді азаматтық ұстанымға, пікір айту мәдениетіне, ел тағдырына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, жаңа заң жобасы білімді, әділ, жауапты және белсенді азамат қалыптастыруға бағытталған. Педагог ретінде бұл құжатты тәрбие мен білім берудің стратегиялық бағдары деп санаймын. Оның табысты жүзеге асуы мектеп пен қоғамның бірлескен жұмысына тікелей байланысты деп ойлаймын.
М. Әуезов атындағы орта мектебінің кәсіподақ төрағасы: Шұғыла Тарихқызы Казиева



