Бүгін біз үшін аса маңызды тақырып – Жаңа Конституция жобасында айқын көрініс тапқан адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру және экологияны қорғау мәселесі туралы ой бөліскім келеді.
Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын ең басты құндылық ретінде таниды. Ал жаңа өзгерістер мен бастамалар осы қағидатты одан әрі күшейтуге бағытталған.
Адам денсаулығы тек медицинамен ғана шектелмейді. Ол – таза ауа, сапалы ауыз су, қауіпсіз қоршаған орта, дұрыс тамақтану, санитарлық талаптардың сақталуы. Экология – бұл тек табиғатты қорғау емес, бұл – ұрпақтың болашағын қорғау.
Индер аудандық ауруханасы ұжымы ретінде біз профилактикалық бағыттағы жұмыстарды күшейтіп келеміз. Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, скринингтік тексерулер, созылмалы аурулардың алдын алу, санитарлық-ағарту жұмыстары – біздің басты басымдықтарымыз.
Экологиялық ахуалдың денсаулыққа тікелей әсер ететінін жақсы білеміз. Ауа сапасының төмендеуі, өндірістік қалдықтар, тұрмыстық қоқыстың ретсіз жиналуы – жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, аллергиялық және онкологиялық аурулардың көбеюіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан экологияны қорғау – бұл тек мемлекеттік органның емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Анар Доспаева
Индер аудандық аурухана Бас дәрігері

