2026 жылғы 22 қаңтар күні Индер ауданы Полиция бөлімі аудан аумағындағы орта білім беру ұйымдарының 11-сынып оқушылары мен жетекші мұғалімдерін қабылдады. Іс-шара Индер ауданы ПБ-нің жиналыс залында ұйымдастырылып, жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері мен оның алдын алу жолдары, сондай-ақ нашақорлықтың қоғам мен болашақ ұрпаққа тигізетін зияны жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға тақырыпқа сай ақпараттық брошюралар таратылып, нақты мысалдар арқылы сақтық шаралары кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар оқушыларға ішкі істер органдарында қызмет атқару барысында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлер — Қазақстан полициясының батырлары Ғазиз Байтасов пен Шалхар Ақымғалиевке арналған ерлік тақташасы таныстырылды. Жастарға полиция қызметінің ерекшеліктері көрсетіліп, қызмет барысында қолданылатын арнайы құрал-жабдықтар, атыс қарулары және қызметтік автокөлік таныстырылып, олардың қолданылу тәртібі түсіндірілді.
Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде ішкі істер органдарына оқуға түсу тәртібі туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, Атырау облысы, Индер ауданы, Бөдене ауылының тумасы, ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының 2-курс курсанты Мадихова Аягөз Салауатовна кездесуге қатысып, 11-сынып оқушыларын ішкі істер саласында білім алуға шақырып, академиядағы оқу процесі мен курсант өмірінің қыр-сырымен бөлісті.
Аталған кездесу — жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, оларды отансүйгіштікке, тәртіп пен заңға құрметпен қарауға баулуға бағытталған мазмұнды әрі тәрбиелік маңызы зор шаралардың бірі болды.



