Қазір интернет – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Алайда технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы көбейіп келеді. Жалған сілтемелер, күмәнді қоңыраулар, әлеуметтік желідегі өтірік хабарламалар арқылы азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемдену – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.
Интернет алаяқтарының басты қаруы – адамның сенгіштігі мен асығыстығын пайдалану. «Шотыңыз бұғатталды», «Сізге сыйлық берілді», «Ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген сияқты хабарламаларға бірден сенуге болмайды. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия сөзді, SMS-кодты немесе банк картасының толық деректерін сұрамайды.
Сондықтан әр азамат интернеттегі қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бейтаныс сілтемені ашпау, күмәнді қоңырауларға сенбеу, жеке мәліметтерді ешкімге бермеу – қарапайым болғанымен, маңызды сақтық шаралары.
Ақпараттық сауаттылық артқан сайын алаяқтардың арбауына түсетіндердің саны да азаяды. Виртуалды тұзақтан сақтанудың ең тиімді жолы – асықпай ойлану және кез келген ақпаратты тексеру.
М.Аманжолова


