Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу үшін заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Десе де соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері көбейді. Естіген құлаққа түрпідей тиетін жайттар тіпті үйреншікті жайтқа айналып бара жатқандай.
Қазақстан Республикасының Заңында зорлық-зомбылықтың төрт түрі көрсетіледі. Олар психологиялық, экономикалық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Осының ішіне ең көп кездесетіні – физикалық, психологиялық зорлық-зомбылық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда.
Бұрын «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп көп ретте жабулы қалатын. Ал қазір көп жағдайда мәселе ашық талқыланады.
– Шақырту келіп түскен отбасыларды аралау барысында отбасылық құндылықтардың азайғандығын, әкенің беделі, анаға деген құрмет, әке мен шешенің арасындағы, баланың ата-анасына деген сыйластығы секілді қасиеттерден ажырап бара жатқанымызға куә боламыз. Сонымен қатар, ішімдіктің салдары да бар. Басы ұрыс-керіспен басталып, соңы құқық бұзушылыққа немесе қылмысқа апарып жатады. Жалпы еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жекелеген отбасылардағы себептеріне тереңірек үңілсек, көбіне әйелдер зардап шегіп, зорлық құрбаны балалар боп жатады. Мәселен, егер күйеуі тарапынан зорлық болса, әйелі полицияға арызданады. Нәтижесінде егер күйеуіне әкімшілік айыппұл салынса, отбасы бюджетіне салмақ түсетіндіктен, кешірім беріп жатады. Яғни егер әкімшілік қамауға алынса, жұмыссыз қалады, мұндайда отбасы зардап шегеді. Ал егер сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, тағы да отбасы қиындыққа душар болады, балалар асыраушыдан айырылады. Сол себепті әйелдер көп жағдайда зорлық-зомбылыққа шыдайды. Кей жағдайда ғана қазақ менталитетіне сіңген «ұят болады» деген ұстаныммен, арыз бермейді. Сөйтіп қорқып-үркумен өзінің де, өсіп келе жатқан балалардың да психикасын бұзады. Сондықтан қандай жағдай болмасын ер адам мен әйел адам өзінің де, балаларының да болашағы жауапкершілікпен қарауы қажет, - дейді аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспектор полиция майоры Алтынай Измуханова.
Жадыра Нариманова

