Қазіргі таңда интернет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат іздеу, онлайн қызметтерді пайдалану, тауар сатып алу, банк операцияларын жасау – барлығы дерлік цифрлық орта арқылы жүзеге асады. Алайда мүмкіндігі кең ортада түрлі қауіптің де қатар жүретінін естен шығармаған жөн.
Интернет алаяқтары азаматтарды алдау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Олар банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе белгілі бір ұйымның өкілі ретінде хабарласып, адамды асықтыруға тырысады. Кей жағдайда жалған сыйлық, тиімді ұсыныс немесе арзан тауар туралы хабарлама жіберіп, жеке мәліметтерді қолға түсіруге әрекет жасайды.
Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау мен хабарламаға сақтықпен қарау қажет. Банк картасының деректері, құпия сөздер, SMS арқылы келетін растау кодтары сияқты мәліметтерді бөгде адамға беруге болмайды. Бейтаныс сілтемелерді ашпай, ақпараттың шынайылығын ресми дереккөздер арқылы тексерген дұрыс.
Цифрлық қауіпсіздік тек техникалық мәселе емес, ол – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Асығыс шешім қабылдамай, кез келген ақпаратты саралап үйрену арқылы көптеген қауіптің алдын алуға болады. Интернетті тиімді пайдалану үшін оның мүмкіндігін ғана емес, қауіп-қатерін де білу маңызды.
Сақтық танытып, жеке деректерімізді қорғай білсек, цифрлық ортадағы алаяқтардың арбауына түсу қаупі де азаяды.
Гүлбану Насиполла



