Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға басымдық берілуі – халыққа қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. ЦОН қызметкері ретінде біз бұл өзгерістердің азаматтар үшін қаншалықты тиімді екенін күнделікті жұмыс барысында айқын көріп отырмыз.
Мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуі құжат рәсімдеу уақытын қысқартып, адами факторды азайтуға мүмкіндік берді. Ал жасанды интеллект элементтерін енгізу өтініштерді жедел өңдеуге, кеңес беру қызметін автоматтандыруға және қызмет алушыларға ыңғайлы жағдай жасауға жол ашуда.
Цифрландыру тек техникалық жаңару емес, бұл – қызмет көрсету мәдениетінің өзгеруі. ЦОН қызметкерлері үшін де жаңа дағдыларды меңгеру, цифрлық сауаттылықты арттыру маңызды болып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау осы саланың тұрақты дамуына негіз болады.
Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді тиімді пайдалану нәтижесінде халық пен мемлекет арасындағы өзара сенім артып, мемлекеттік қызметтер ашық, қолжетімді әрі сапалы бола түседі деп сенемін.
А.Биенова



