Тазалық мәселесінде атқарылатын жұмыстың бір бөлігі – аумақты жинау болса, екінші маңызды бөлігі – сол тазалықты сақтай білу. Индер ауданында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелер мен қоғамдық орындарды тазарту, шөп шабу, тұрмыстық қалдықтарды жинап, белгіленген орындарға шығару жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жұмыстарға қаншама адамның еңбегі жұмсалады. Бір аумақты тазарту үшін арнайы қызмет мамандары еңбек етіп, техника жұмылдырылады. Сондықтан тазаланған жерге қайтадан қоқыс тастау немесе абаттандырылған аумаққа ұқыпсыз қарау – жасалған еңбекке деген немқұрайлы көзқарас.
Тәртіпті орта қалыптастыру үшін тазалық жұмыстарымен қатар, тұрғындардың жауапкершілігі де қажет. Қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, аулалар мен көшелердің тазалығын сақтау – қарапайым талаптар болғанымен, оның маңызы үлкен.
Ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі тұрғындардың күнделікті әрекетінен көрінуі керек. Егер әр адам өзіне тиесілі аумаққа ұқыпты қарап, ортақ тәртіпке жауапкершілікпен қараса, тазалық жұмыстарының тиімділігі де арта түседі.
Таза ортаны қалыптастыру – тек тазалаушылардың немесе арнайы техниканың міндеті емес. Оны сақтау мәдениеті де қоғамның ортақ құндылығына айналуы қажет. Сондықтан жасалып жатқан жұмыстарға қолдау білдіріп, ауданымыздың тазалығы мен тәртібіне немқұрайлы қарамайық.
Назгул Жұмашева
мұғалім



