Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның маңызы

2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті  тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Бұл заң қоғамда көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселенің шешімін табуға жасалған маңызды қадам болды. Заңның басты мақсаты - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу.

 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық - тек бір отбасының ғана мәселесі емес, ол бүкіл қоғамға әсер ететін күрделі құбылыс. Отбасында орын алатын күш көрсету, қорқыту немесе психологиялық қысым адамдардың өміріне кері әсерін тигізеді. Әсіресе әйелдер мен балалар мұндай жағдайдан жиі зардап шегеді. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.

Менің ойымша, аталған заңның қабылдануы қоғамдағы әділдік пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Өйткені заң талаптарының күшеюі құқық бұзушылардың жауапкершілігін арттырып, мұндай әрекеттердің азаюына мүмкіндік береді. Әрбір адам өз құқығы қорғалатынын сезінуі тиіс.Сонымен қатар бұл заң адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да әсер етеді. Көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар қайда жүгіну керектігін немесе қандай құқықтары бар екенін толық біле бермейді. Ал заң олардың мүддесін қорғауға және қажетті көмек алуға мүмкіндік береді.

 

Отбасы - сыйластық пен түсіністікке негізделген шағын қоғам. Егер әр отбасында өзара құрмет пен жауапкершілік болса, қоғамда да тұрақтылық пен бірлік сақталады. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша азаматтардың ортақ міндеті деп санаймын.

 

Қорытындылай келе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң - қоғамдағы қауіпсіздік пен адам құқығын қорғауға бағытталған маңызды бастама. Заңның тиімді жүзеге асуы отбасылардың әл-ауқатын жақсартып, болашақ ұрпақтың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жол ашады.

ӘСЕЛ ӘЛІБЕК,

студент

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT