Кей жағдайда қазақы менталитетке сіңген «ұят болады» деген түсінік салдарынан жәбірленушілер құқық қорғау органдарына арызданбайды. Соның кесірінен қорқыныш пен күйзеліс адамның өз психологиясына ғана емес, өсіп келе жатқан балалардың психикасына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан қандай жағдай болмасын әрбір ер адам мен әйел адам өзінің де, балаларының да болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары мен тиісті сала қызметкерлері профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, есепте тұрған азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар тұрғындармен кездесулер өткізіліп, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, сондай-ақ «сталкинг», мәжбүрлі неке секілді құқыққа қайшы әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілігі түсіндірілді. Қауіп тобына жататын отбасылар ерекше бақылауға алынып, оларға профилактикалық көмек көрсетілуде.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес, ол бүкіл қоғамға әсер ететін күрделі әлеуметтік мәселе. Сондықтан әрбір азамат заңды құрметтеп, отбасы құндылықтарын сақтап, өзара сыйластық пен түсіністікті басты орынға қоюы қажет.

