Тұрмыстық зорлық-зомбылық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу мақсатында заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Дегенмен соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері азаймай отыр. Естіген құлаққа түрпідей тиетін мұндай жағдайлар қоғамда жиілеп, тіпті үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқандай әсер қалдырады.

 

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үйдегі заттарды бүлдіру және тыныштықты бұзатын өзге де әрекеттер жатады. Егер бұл әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, құқық бұзушыға ескерту жасалып немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады. Ал мұндай әрекет бір жыл ішінде қайта қайталанса, он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.

 

Бұрын халқымыз «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, отбасындағы мәселелерді сыртқа шығармайтын. Қазіргі таңда мұндай жағдайлар ашық талқыланып, қоғам назарында қаралатын болды. Бұл – зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

 

Шақыртулар бойынша отбасыларды аралау барысында отбасы құндылықтарының әлсіреп бара жатқаны байқалады. Әкенің беделі, анаға деген құрмет, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық сынды асыл қасиеттердің азаюы қоғамды алаңдатпай қоймайды. Сонымен қатар ішімдікке тәуелділік те көптеген жанжалдың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Ұрыс-керістен басталған келіспеушіліктер соңы құқық бұзушылыққа, тіпті ауыр қылмысқа ұласып жатады.

 

Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан ең көп зардап шегетіндер – әйелдер мен балалар. Сондықтан отбасыдағы тыныштық пен татулықты сақтау, өзара құрмет пен түсіністікті нығайту – әрбір азаматтың басты міндеті. Қоғам болып зорлық-зомбылыққа қарсы тұру арқылы ғана қауіпсіз әрі саналы орта қалыптастыра аламыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT