Тазалық – мәдениет пен дәстүрдің көрінісі

«Таза Қазақстан» акциясын мен бір реттік сенбілік немесе айналаны қоқыстан тазарту шарасы деп қабылдамаймын. Бұл – ең алдымен адамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Ұстаз ретінде айтарым, тазалық мәдениеті адамның тәрбиесімен, жауапкершілігімен және туған жерге деген құрметімен тікелей байланысты.

Атырауда бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Қала мен аудандарда сенбіліктер ұйымдастырылып, аулалар, саябақтар, жағалаулар тазаланып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы уақытта бұл іске қоғамдық ұйымдар, еріктілер, түрлі мекеме қызметкерлері ғана емес, жастар мен оқушылардың да белсенді араласуы қуантады.

Акцияның тиімді тұсы – тазалық мәселесін қоғамдық деңгейге көтеруінде. Бұрын «қаланы тазалау – тиісті қызметтердің жұмысы» деген түсінік басым болса, қазір тұрғындардың өз ауласына, өз көшесіне, өз қаласына жауапкершілікпен қарауы маңызды екені көбірек айтылып келеді. Бұл – санадағы өзгерістің белгісі.

Ұстаз ретінде мен үшін ең маңыздысы – бүгінгі тазалық шараларының ертеңгі ұрпақтың тәрбиесіне әсер етуі. Біз балаларға қандай қала қалдырсақ, олар сондай қаланың болашағын қалыптастырады. Сондықтан тазалықты өзімізден бастап, оны балаға үлгі ету – баршамыздың азаматтық міндетіміз.

Ғалия Жұмағалиева

Ардагер ұстаз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT