Қазіргі таңда экология мәселесі әлемдік деңгейде өзекті болып отыр. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы мақсатты жүзеге асырудың тиімді жолдарының бірі - «Тазалық» фестивалі.
«Тазалық» фестивалі - жай ғана мерекелік шара емес, ол қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған заманауи бастама десекте болады. Фестивальдің негізгі мақсаты - халықты қоқысты дұрыс сұрыптауға үйрету, қоршаған ортаны аялауға шақыру және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру.
Фестиваль аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, еріктілердің қатысуымен қалалар мен табиғи аймақтарда сенбіліктер өткізіледі. Сонымен қатар экологиялық білімді арттыру мақсатында эко-тренингтер мен шеберлік сыныптары жүргізіледі. Қатысушыларға қоқысты қайта өңдеу жолдары түсіндіріліп, тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану үйретіледі. Бұдан бөлек, ерекше форматтағы көрмелер де ұйымдастырылады, онда қоқыстан жасалған бұйымдар көпшілік назарына ұсынылады.
Бұл фестивальдің нәтижесі өте маңызды. Біріншіден, қалалар мен табиғи аймақтар қоқыстан тазартылады. Екіншіден, тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптасып, табиғатқа деген көзқарас өзгереді. Үшіншіден, пластик, шыны және қағаз сияқты қалдықтар қайта өңдеуге жіберіліп, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.
Қорытындылай келе, «Тазалық» фестивалі - тек тазалық акциясы ғана емес, ол болашаққа бағытталған экологиялық тәрбие құралы. Мұндай бастамалар қоғамның санасын өзгертіп, жас ұрпақты табиғатты қорғауға баулиды.
Жанылсын Серикова,
Х. Досмұхамедов университетінің 1-курс студенті



