Жайық өзені – өңір тұрғындары үшін табиғаттың баға жетпес байлығы. Өзен жағалауы тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар экожүйенің маңызды бөлігі болып табылады. Сондықтан оның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Бүгінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде өзен жағалауларын қоқыстан тазарту, санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру шаралары ерекше маңызға ие. Өкінішке қарай, кейбір демалушылар өздерінен кейін тұрмыстық қалдықтарды қалдырып кетеді. Мұндай әрекет табиғатқа зиян келтіріп қана қоймай, өзеннің экологиялық жағдайына да кері әсерін тигізеді.
Таза жағалау – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан әрбір азамат демалыс кезінде тазалық талаптарын сақтап, қоқысты арнайы орындарға тастауы қажет. Табиғатты қорғау үлкен қаржыны немесе күрделі жұмысты талап етпейді. Ол әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.
Жайық жағалауының тазалығы – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақтың да игілігі. Сондықтан туған жердің табиғатын аялау мен қорғау баршамызға ортақ парыз болып қала береді.

