Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарамау ұстанымы қоғам мәдениеті мен азаматтық жауапкершілікті айқындаушы өлшемдердің бірі ретінде қалыптасуда. Тазалық енді тек тұрмыстық мәселе ретінде ғана емес, жетілген қоғамның маңызды көрсеткішіне айналуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бастамасы осы үрдістің жан-жақты орнығуына тікелей ықпал етуде. Бұл бастама экологиялық науқан аясында шектелмей, қысқа уақыттың аралығында жалпыұлттық қозғалысқа ұласты. Президент атап өткендей, бүгінде тазалық ұғымы ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігіне және еліміздің негізгі құндылықтарының біріне айналып отыр.
Президенттің бұл бастамасы аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Жоба іске қосылғаннан бергі екі жыл ішінде еліміз бойынша 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді. Оларға миллиондаған отандасымыз қатысты. Елді мекендерді көгалдандыру және экожүйелерді қалпына келтіру бағытында ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Алайда бастаманың басты нәтижесі шығарылған қоқыс көлемімен өлшенбейтіні анық. Ең маңыздысы – ҚОҒАМНЫҢ ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПКЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫНЫҢ БІРТІНДЕП ӨЗГЕРУІНДЕ. Президент атап өткендей: «Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады».
Мемлекет басшысы өз сөзінде тазалық ұғымына материалдық тұрғыдан әлдеқайда кең, терең мағынада қарайды. Ниет пен пейілдің тазалығын тілге тиек ету арқылы тазалық ең алдымен адамның ішкі мәдениетінен бастау алатыны туралы айтып отыр. Себебі жүректің тазалығы, көңіл мен ойдың тазалығы адамның әрекетін анықтаушы негізгі факторлар. Таза ниет, таза ой, таза пейіл – адамның ішкі тазалығының көрінісі.
Дархан ЖАЗЫҚБАЙ


