Бұрынғыны былай қойғанда, тәуелсіздік тарихының өзінде елімізде құрғақ сөз жүзінде қалып қойған жобалар болды. Науқан кезінде жанып, жылдам өшкені одан да жетіп артылады. Мұның бәрі сөздің іске айналуы жолындағы қиындықты еңсермеудің, табандылық танытпаудың белгісі. Тазалық әрбірімізге керек қажеттілік болғандықтан, «Таза Қазақстан» бастамасы өміршең дүниеге айналып отыр. Өйткені бұл жобаның маңызын кез келген адам толық түсінеді. Айталық, ауасыз, сусыз тіршілік жоқ, болмайды да. Сол ауа мен судың таза болғаны – бәрімізге ортақ қажеттілік.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыста экологиялық road-эстафеталардың, жастар акцияларының, тарихи орындар мен туристік бағыттарды тазарту жұмыстарының ұйымдастырылуы да – жаңа қоғамдық көзқарастың көрінісі. Тазалық ендігі жерде тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, елдік сана мен ортақ жауапкершіліктің өлшеміне айналды.



