Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде көпшілікті ортақ іске жұмылдырған маңызды шараға айналды. Бұл бастама туған жердің тазалығын сақтап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды насихаттайды.
Аталған акция аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ауыл тұрғындары, жастар, оқушылар мен мекеме қызметкерлері сенбіліктерге белсене қатысып, көшелерді, саябақтарды, арық-атыздар мен су арналарының маңын қоқыстан тазартуда. Сонымен қатар, ағаш отырғызу, көгалдандыру, табиғатты қорғау бағытындағы шаралар ұйымдастырылуда.
Бұл игі істің басты мақсаты – тек айналаны тазарту ғана емес, халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпаққа табиғатты аялаудың маңызын түсіндіру. Себебі тазалық – әр адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі.
Туған жердің көркеюі мен ауылдың ажарлануы – әрбір азаматтың ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» акциясы ел тұрғындарының бірлігі мен туған жерге деген сүйіспеншілігін айқын көрсетіп келеді. Осындай игі бастамалар арқылы ауылдарымыз көркейіп, келер ұрпаққа таза да жайлы орта қалыптасады.

