Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сәуір айынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынды. Іс-шара елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруға, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тартуға бағытталған. Аталған жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, қалыпты экологиялық болашақтың негізін қалады.
Акция табиғатқа зиян келтіретін факторлармен күресуге, оның ішінде заңсыз қоқыс төгу, орманның жойылуы, су көздерінің ластануы сияқты мәселелерге қарсы бағытталды. Жергілікті билік органдары мен құқық қорғау органдарының экологиялық заңнаманы бақылау мен орындауға қатысты белсенділігі артты.
Акцияның тағы бір жетістігі, жас ұрпақты экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу болды. Бұл шаралар мектептер мен оқу орындарында экологиялық тәрбие беру, балаларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке баулу арқылы жүзеге асты.
Басты тағылымы – тек тазарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамды ортақ жауапкершілікке тәрбиелеу, қоршаған ортаны қорғауға деген жанашырлықты арттыру.



