Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сәуір айынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынды. Іс-шара елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруға, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тартуға бағытталған. Аталған жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, қалыпты экологиялық болашақтың негізін қалады.
– Ауылымызда көктемгі санитарлық тазалықты ұйымдастыру және жүргізу мәселелері бойынша тұрғындармен жиын өтті. Жиын барысында ауыл тазалығын сақтау, сенбіліктер өткізу, аула мен көше аймақтарын ретке келтіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар көшелерде мал жаю, тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Ауыл тұрғындарына тазалық шараларына белсенді қатысып, өз аулалары мен көшелерінің тазалығына жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндірілді. Ауыл аумағында орналасқан мекемелердің айналасы, кіреберіс жолдар мен ауылішілік жолдардың бойы тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен қалдықтар белгіленген қоқыс алаңына шығарылды. 1 трактор тіркемесімен, 1 экскаватор-тиегіш осы іске пайдаланылуда. Сонымен қатар сенбі күндері дәстүрлі түрде ауыл тұрғындарының қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылып келеді,- дейді округ әкімі Шырай Мерғалиева.
Осы уақыт аралығында 4 сенбілік ұйымдастырылған екен. Арнайы техниканың көмегімен 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылыпты. Сенбілікке ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері және ауыл жастары белсенді атсалысады екен. Әр сенбілікке 40-45 адамнан қатынасатын көрінеді. Сонымен қатар баннерлер уақытылы жаңартылып отыр. Көшелерді жарықтандыру, жасыл желектер отырғызу және қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауыл тазалығы мен көркеюіне бағытталған шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырылмақ.
С.Көшеков

