Күнделікті жүріп өткен таза көшелер мен ретке келтірілген қоғамдық орындарға көп жағдайда назар аудара бермейміз. Алайда оның артында таңертеңнен кешке дейін еңбек етіп жүрген адамдардың маңдай тері бар. Индер ауданында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар осы еңбектің маңызын тағы бір көрсетіп отыр.
Ауданда көшелерді тазалау, шөп шабу, қоқыс жинау, аумақтарды ретке келтіру және жиналған қалдықтарды арнайы орындарға шығару жұмыстары атқарылуда. Бұл іске түрлі мекеме ұжымдары мен тұрғындар да жұмылдырылып, елді мекендердің көркін жақсартуға үлес қосуда.
Тазалық сақшысы болып жүрген әрбір адамның еңбегін бағалауымыз керек. Өйткені таңертең таза көшеге шығуымыз, қоғамдық орындардың жинақы болуы – біреудің күнделікті атқаратын тынымсыз жұмысының нәтижесі. Сондықтан тазалық қызметкерлеріне құрметпен қарап, олардың еңбегін қиындататын әрекеттерге жол бермеу – мәдениетті қоғамның белгісі.
Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы үшін тазалықты ұйымдастырумен қатар, оны сақтай білу де маңызды. Қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық аумақтарға ұқыпты қарау, абаттандырылған жерлерді бүлдірмеу – қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап ететін әрекеттер.
Таза әрі жинақы аудан – ең алдымен сол жерде еңбек етіп жүрген жандардың еңбегіне деген құрмет. Сондықтан олардың жұмысын бағалап, ортақ іске немқұрайлы қарамайық.
Бақтыбек Асанов
кент тұрғыны



