Сталкинг – бұл жай ғана біреуге қызығушылық таныту емес, ол адамның жеке өміріне рұқсатсыз араласу, тұрақты түрде мазалау, бақылау және психологиялық қысым көрсету әрекеті. Мұндай мінез-құлық жәбірленушінің қауіпсіздік сезімін әлсіретіп, үрей, мазасыздық және сенімсіздік тудыруы мүмкін.
Сталкингтің белгілеріне үнемі хабарлама жазу, әлеуметтік желілерде бақылау, аяқ астынан жиі кездесе беру, қорқыту немесе бопсалау жатады. Кей жағдайда бұл әрекеттер «қамқорлық» немесе «махаббат» ретінде бүркемеленуі мүмкін. Алайда шынайы сезім ешқашан қорқыныш пен қысым арқылы дәлелденбейді.
Жасөспірімдер арасында сталкинг көбіне әлеуметтік желілер арқылы көрініс табады. Онлайн бақылау, жалған аккаунт ашу, жеке ақпаратты тарату — мұның барлығы психологиялық зорлықтың бір түрі. Сондықтан әр адам өзінің жеке шекарасын қорғауды үйренуі керек.
Егер адам сталкингке тап болса:
Байланысты шектеу және бұғаттау;
Дәлелдерді сақтау (хаттар, скриншоттар);
Сенімді ересек адамға немесе маманға айту;
Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну маңызды.
Қорытындылай келе, сталкинг – бұл махаббат емес, бұл бақылау мен тәуелділікке негізделген мінез-құлық. Қауіпсіз қарым-қатынас өзара құрмет пен келісімге негізделуі тиіс. Жеке шекараны қорғау – әр адамның құқығы.
Ж.Изимова



