Серіктестік серпіні

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестік бүгінде нақты нәтижелерін көрсетіп отыр. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 49 миллиард долларға жетіп, тарихи рекорд орнатты. Сонымен қатар Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция құйып, еліміздің ірі инвестициялық серіктестерінің біріне айналды.

Бұл көрсеткіштер екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың тек саудамен ғана шектелмей, өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және жоғары технологиялар салаларын да қамтитынын айғақтайды. Бүгінде Қазақстанда қытай капиталының қатысуымен 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, заманауи технологияларды енгізуге және өндіріс көлемін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Президент атап өткендей, қазіргі таңда Sinopec компаниясымен газ-химия кешені, Fufeng Group-пен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group-пен мақта-тоқыма кластері сияқты ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар HOWO, Yutong, JAC, Changan, Great Wall Motor және Chery секілді қытайлық автокөлік брендтерінің өндірісі Қазақстанда жолға қойылып жатыр. Бұл еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтіп, жаңа технологияларды игеруге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.

Мұндай ауқымды жобалар Қазақстан экономикасының әртараптануына, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және өңірлердің дамуына оң ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді серіктестік алдағы уақытта да жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, екі елдің ортақ игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз.

                             

 Б.Қаракешова   

ардагер-ұстаз                                                                                                                                                   

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT