Биыл ел өміріндегі маңызды бастамалардың бірі – бір палаталы Парламент құру туралы шешім. Жаңа құрылым «Құрылтай» атауымен жұмыс істеп, заң шығару үдерісін жеделдетуге және қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қадам депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, мемлекеттік басқару сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Жаңартылған Парламент құрамында 145 депутат болады. Олардың басым бөлігі – өз саласын жетік меңгерген кәсіби мамандар. Депутаттар пропорционалды жүйе арқылы сайланып, партиялық шек 5 пайыздан басталады. Сонымен қатар халықтық және әлеуметтік квоталардың сақталуы қоғамның түрлі топтарының мүддесін тең қамтуға жол ашады.
Құрылтай жылына бір рет сессия өткізіп, заң шығару бастамаларын ұсынып, елдің ішкі және ұлттық саясатын жетілдіру бағытында кеңесші орган ретінде қызмет атқарады.
Сондай-ақ Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізіліп, Президент өкілеттігі нақты айқындалады. Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда, сайлау екі ай ішінде өткізілетін болады.
Жалпы алғанда, бұл реформалар саяси жүйені тұрақтандырып, халық пен билік арасындағы сенімді арттыруға, ұлттық бірлікті нығайтуға және Қазақстанның болашағын жарқын етуге бағытталған маңызды қадамдар деп бағаланады.
Утепберген Уразғалиев
ардагер



