Балалар арасындағы зорлық-зомбылық – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Мектепте, көшеде немесе әлеуметтік желіде орын алатын әлімжеттік, мазақ ету, қорқыту секілді әрекеттер баланың психологиясына үлкен зиян келтіреді. Мұндай жағдайға тап болған бала өзіне деген сенімін жоғалтып, тұйықталып, сабаққа деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу ең алдымен отбасы тәрбиесінен басталады. Ата-ана балаға мейірім мен қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруі қажет. Сонымен қатар мектепте ұстаздар балалармен жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, достыққа, сыйластыққа баулуы керек. Әр бала өз қатарласын құрметтеп, әлсізге қамқор болуды үйренгені жөн.
Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсуі баршамыздың міндетіміз. Бір-біріне жанашыр, мейірімді, ізетті ұрпақ тәрбиелей алсақ, зорлық-зомбылықсыз жарқын қоғам қалыптастырамыз.

