Лудомания дерті күн өткен сайын түрленіп, өзекті мәселеге айналып барады. Бір кездері шетелдік кинолардан ғана көретін құмар ойын жарнамасы бүгінде біздің қоғамға еніп, азаматтарды құрығына түсіріп келеді. Көшедегі жарнамалардан бөлек, күнделікті ұялы телефонның қай батырмасын бассаңыз да алдыңыздан ойын жарнамасы желдей еседі. Ал одан келер зардап қаншама?..
Құмар ойындардың интернет арқылы жүзеге асатынынан бөлек бірнеше түрі ажыратылады. Олар: ойын автоматтары, букмекер орталықтары, лотерея, викториналар мен ұтыс ойындары, тотализатор, карта және казино. Бүгінде Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабиясы мемлекеттерінде бәс тігуге мүлдем тыйым салынған. Егер заңға бағынбайтын болса, айыппұл төлеу міндеттелген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесіне қатысты өзгерістер енгізілген заңға қол қойып, талапты күшейтті. Заңда ойын бизнесі бойынша букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары, сондай-ақ онлайн-платформалар арқылы жарнамалауға тыйым салынды. Сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау рұқсат етілген бұқаралық ақпарат құралдарының шеңбері тарылды, олар енді тек спорттық бағытта болуы керек. Бұдан бөлек, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза бойынша сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдарға құмар ойындарға қатысуға немесе бәс тігуге тыйым салынып отыр.
Ж.Нариманқызы


