Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең екен. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт пен кесел де көбеюде. Өкiнiштiсi сол, қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын кеселдi адамдар өздерi ойлап табады.
Нашақорлық (грек тілінде narcomania - құмарту) – есірткі заттарына ерекше құмарлық. Есірткіні қолданудың және оған кіріптар болудың зардабы сол: кейін одан құтылу мүмкін емес. Бұған көбінесе жасөспірімдер бейім, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни, есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады, оның адамгершішік қасиеттері жойылып психикасы бұзылады, отбасынан айырылады, маңайындағы адамдарға зиян келтіреді. Адам баласы тұлға ретінде қоғамның бір мүшесі десек, нашақорлық қоғамға, мемлекетке қауіп төндіретінін атап өту керек. Одан зардап шеккен тағдырлар қаншама! Қаншамасы бәз-баяғы өмірлеріне орала алмай зар. Әрине, дер кезінде ес жиып, «адам» болып кеткендері де жоқ емес.
Келесі бір маңызды себептер отбасыға байланысты. Ата-ананың бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеуі, отбасы мүшелерінің бірінің ішімдікке салынуы, отбасында тұрақты табыс көзінің болмауы, жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуі, алкоголь мен есірткіге қол жеткізудің оңай болуы сияқты себептер жасөспірімдерді нашақорлыққа бастайды. Қазіргі жастар тез өсіп, дене бітімі тез жетіледі. 9-12 жастағы балалар темекі шегуді мәртебе санайды. Сондықтан ата-ана осы жастағы баласына көбірек көңіл бөліп, темекі, спирттік ішімдік және есірткінің зияны туралы айтып отыруы керек. 13-15 жастағы жасөспірімдер есірткі туралы ересектерден естіп біледі. Олар нашақорлықтың ауыр, емделуі қиын дерт екенін түсінбейді. Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп жүрсе, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап жатыр.



