МІНДЕТІНЕ САЛҒЫРТ ҚАРАПТЫ

АУДАН ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ АЙБОЛАТ САНСЫЗБАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН АУДАНДЫҚ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫ­РЫСЫ ӨТТІ.

Комиссия отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева кәмелетке толмаған екі жасөспірім жағдайы туралы ба­яндады.

– Кәмелетке толмаған жасөспірімнің анасының бүгінгі күнге дейін баланы тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі аналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамай отырғаны анықталып, аудандық полиция бөлімі тарапынан әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған жасөспірім нотариалды келісім негізінде көршісінің қарауында тәрбиеленіп отыр.

Ал екінші жасөспірімнің мәселесіне келер болсам, мектептің тарапы­нан жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде оқушыға отбасында тәрбие мен бақылауға заңды өкілдерінің жауапкершілігі жеткіліксіз, бала тарапынан бақылаусыз қалу, үйден өз бетінше кету фактілері болған. Бала екі жақтың жауапкершілікті бір-біріне ысыруы салдарынан бақылаусыз қалу қаупінде.

Екі отбасымен де бөлім тарапынан бірнеше рет профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, оң нәтиже бермей, жағдай өзгеріссіз қалып отыр, - деді бөлім басшысы.

Үшінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің ювеналды поли­ция тобының учаскелік полиция инспекторы Айнұр Қуанышкерейқызы кезекші бөлімшеге кент тұрғынынан ұлының велосипеді жоғалғанын айтып хабарлама бергенін жеткізді.

– Хабарлама негізінде жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде велосипедті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарып жүргені анықталып, ата-анасы, психологтың қатысуымен жауап алынды. Аталған факті бойынша жасы кәмелетке толмаған жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке тартуға жасы жетпеуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылып, заңды өкіліне ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен (ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің бала­ларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамай, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына жол бергені) әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті құжаттар жинақталып, Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Осыған орай жасөспірімнің іс-әрекетін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнінде комиссия отырысында талқылау ұсынылып отыр,– деді ол.

Комиссия төрағасы Айболат Сансызбаев аталған бірінші мәселе бой­ынша аудандық білім бөлімінің ұсынысы негізінде кәмелетке толмаған жасөспірімнің анасы ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамайды деп танылып, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және от­басы туралы» Кодексінің 70,71-бабына сәйкес аналық құқықтарын шек­теу туралы талап арызбен сотқа жүгіну ұсынылып, кәмелетке толмаған баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті ша­ралар қабылдансын деп тапсырма берді. Ал екінші мәселе бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бала тәрбиелеу, оқыту, күтіп-бағу және оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамау фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту және қолайсыз от­басы есебіне алу мәселесін заңнама талаптарына сәйкес қарау тапсы­рылып, отбасының тұрмыс жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп, қабылданған шаралардың нәтижесі туралы аудандық комиссияға ақпарат енгізуді тапсырды, ал үшінші мәселеде аудандық полицияның ұсынысы қараусыз кері қайтарылды.

Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігін ескере отырып, тиісті бөлім басшыларына кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін рейд жұмыстарын ұйымдастыруды, заңға сәйкес тұрмысы нашар отбасы балаларымен тұрақты жұмыс жүргізу қажеттігін тапсы­рып, комиссия отырысын қорытындылады.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT