"Маскүнемдік - психикалық дерт"

Ең ауыры - маскүнемнің өзін ешқашан  маскүнеммін деп сезінбеуі, өзін кез-елген уақытта арақты не сыраны қойып кетемін деп алдаусыратуы, өзін басқалар кемсітеді, менсінбейді деп түсінетіндігі, сол себепті қатты агрессияға беріліп, алкоголь ішпесе мазасызданып, ашушаңдыққа бой алдыруы, өмірге қызықпаушылық пен үсті-басының, киімінің тазалығына мүлде мән бермей қоятындығы. Арақ болсын,сыра болсын - екеуі де алкогольді ішімдіктер. Айырмашылығы- арақ адам ағзасына жылдам, сыра баяу әсер етеді.


Олар арақтың кесірінен болған өміріндегі барлық сәтсіздіктерге маскүнемдігі емес, жанындағы жандар ғана кінәлі, тіпті  маскүнем болғандығына да солар жауапты деп санайды және отбасындағы жанашыр жандарын үнемі күйзеліске түсіріп, ауруға ұшыратады және олардың жағдайымен, денсаулығымен мүлде ісі болмайды. Міне, маскүнемнің  анда-санда ғана, бір мерекелерде не атаулы даталарда көпшілікпен ғана ішіп жүретін жандардан барлық айырмашылықтары осындай.
Әйелдер жөнінде айтып өттім, ал цирроз, варикоз, варикацеле, тамақты тәбетсіз ішу,  зәр ұстамау, түрлі ісіктер және басқаларын айтар болсақ, бұлар ер адамдарға да тән, жалпы ағзадағы бұрынғы созылмалы кеселдердің асқынуына да әкелетіні жасырын емес.
Қорыта айтқанда, бұл маскүнемдік торынан адам өзі ғана босап шыға алады. Маскүнемге дауыс көтеріп, ұрсып-сөгудің қажеті жоқ, ол қайта ерегесе түседі, жанжал шығарады немесе тіптен өзін аулақ ұстап, қашып, тығылып ішуді бастайды және аяушылықпен дегенін, жағдайын жасаудың да мүлдем қажеті жоқ, ол бұл әрекеттеріңізді міндетіңіз,тиістісіз деп бағалайды. Жанашыр болсаңыз, немқұрайлылық таныту дұрыс деп ойлаймын, сол себепті жақындары өз өмірін реттеп, өз мінез-құлқын дұрыстағаны дұрыс, қаржылай көмекті толықтай тоқтатып, жүріс-тұрысын қадағалауда ұстап, ағзасын, қанын алкогольден толықтай тазартып, жанымен жұмыс жасаған дұрыс. Жанын емдеген абзал.
Жан жарасын өзімен бірігіп жазуға атсалысып, досы болуға тырысу қажет, өйткені күйзелісте жүрген жан досқа зәру, ал маскүнемнің досы болмайды. Сол себепті  маскүнемге зіркілдеген  жаналғыш не әкіреңдеген тергеуші болудың, ұзын-сонар ақылға толы тәрбие сағатын өткізетін мұғалім болудың қажеті жоқ, маскүнемге оның бір де бірі әсер етпейді, қайта аулақ кетіп, қашып, тығылып ішуге ұмтылады, оның ақыры не қылмыс жасаумен не өліммен аяқталатыны хақ. Алкоголизм – алькогольді ішімдіктерді ішуге қызығушылықтан басталып, әдетке айналуынан туындаса да әдет емес, тән ауруы емес, күйзеліс  себебінен пайда болған психикалық дерт.
Көбіне жанашыр жақындары маскүнемге бұзақылық немесе тәртіп бұзушылық жасаған жандай ұрсып, жекіріп, күш көрсетіп жөнге салмақшы болады немесе тентектік жасағандай қатты жазалайды да, жалынады да, ақылдарын айтып, дұрыс жолға салмақшы да болады, бірақ бұл әрекеттері нәтиже бермеген соң амалдары таусылып, қолдарын  сілтеп, жайына қалдырады. Бұл әрекеттер бәлкім, арақ ішпейтін тәртіп бұзарларға оң әсер етуі мүмкін, ал маскүнемдерге қолдану тиімсіз, өйткені маскүнемдік -басбұзарлық емес, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік сияқты дерт, психикалық ауру түрі. Ал кез-келген дерт тиянақты емдеуді қажет етеді. Маскүнемнің бойын ең алдымен алкогольден тазартып, нерв жүйесін, қан кысымын, бауырын, бүйрегін, жүрегін әрі бақылай, әрі емдей отырып, дереу жанын емдеуге кірісу қажет. Нерв жүйесін, жүрегін тыныштандыра отырып, психологиялық  әдістер арқылы  бойынан, санасынан қорқыныш пен үрейді алып тастаған дұрыс. Мүмкіндігінше маскүнем адамның жанын мазалаған, жайсыздық сыйлайтын естеліктерімен жұмыс жасап, оларды түпсанасынан ажыратып, басынан өткен көңілді жадыратар оқиғаларымен алмастырған жөн. Науқастың өзіне деген сенімділігін арттырып, өз бағасын, қадір-қасиетін сезінетіндей жағдай жасау керек. Жанын ұғар досындай болып, жүзін иманға, имани қасиеттерге  бұру қажет. Сонымен қатар оны бос уақыты болмайтындай тынымсыз еңбекке баулыған абзал. «Арақ түбі-дерт, ұшқын түбі-өрт» деп халық бекер айтпаған, маскүнемдік-қоғам дерті, ол да бір ауру, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек шығар бәлкім?!

 

Баян Құмарғалиқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT