Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтай елдегі саяси реформалардың жаңа мазмұндық деңгейге өткенін аңғартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайда сөйлеген сөзі қоғамдағы адам құқықтарын қорғау тақырыбының мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып келе жатқанын көрсетті. Расында, айтылған бастамалар тек ұсыныстар жиынтығы емес, құқықтық мемлекеттің болашақ келбетін айқындайтын жүйелі көзқарас ретінде бағалануға тиіс.
Мемлекет басшысы Конституцияның заман талабына сай болуы қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл тұста мәселе құқықтық нормаларды механикалық түрде жаңартуда емес, қоғамдағы технологиялық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге жауап бере алатын негізгі заңның икемділігінде болып отыр. Әсіресе, Президент цифрландыру үдерісінің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей ықпал ете бастағанына маңыз берді.
Бүгінде цифрлық технологиялар адамның жеке өміріне терең еніп, дербес деректердің қауіпсіздігі мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Осыған байланысты тұрғындардың жеке цифрлық деректерінің заңмен қорғалатынын Конституция деңгейінде нақты бекіту ұсынысы адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудың маңызды қадамы саналады. Бұл бастама жеке өмірге қол сұқпау құқығын күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік органдар мен жеке сектордың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ұлттық құрылтайда көтерілген ең күрделі әрі қоғамда кең резонанс тудырған «қыз алып қашуға» берілген саяси және құқықтық баға болды. Президент бұл әрекетті дәстүр ретінде қабылдауға болмайтынын ашық айтып, оны адам ұрлау, яғни ауыр қылмыс деп атады. Бұл мәлімдеме ұзақ уақыт бойы мәдени немесе тұрмыстық ерекшелік ретінде ақталып келген адам құқықтарының өрескел бұзылуына нүкте қойды.
Жуырда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың кісі қолынан ажал құшуы мәжбүрлеу, қоқан-лоқы және алдын-алу тетіктерінің әлсіздігі қандай ауыр салдарға әкелетінін көрсетті. Мемлекет басшысы бұл оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарының әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Бұл адам құқықтарын қорғаудағы институционалдық жауапкершілікке жасалған маңызды қадам.
Осы тұрғыда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының рөлі айрықша. Еліміз бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың мәжбүрлеп некеге тұру мақсатында адамды ұрлау үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту жөніндегі бастамасы қолдау тауып, өткен жылы тиісті заң қабылданды. Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер арқылы некелесу мақсатында адам ұрлаған тұлғаны жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда да қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл норма жәбірленушінің құқықтары мен қауіпсіздігін абсолютті басымдық ретінде қарастыратын құқықтық ұстанымды бекітеді.
Сонымен қатар, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру аясында көпсалалы колониялар салу мәселесінің қарастырылуы да жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда сарапшылар атап өткендей, қылмыспен күрес тек жазаны қатаңдатумен шектелмеуі тиіс. Профилактикалық шараларды күшейту, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың уақытылы әрі үйлесімді жұмыс істеуі отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмысты едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Президент дәстүрлі құндылықтар мәселесіне де арнайы тоқталды. Бұл тақырып адам құқықтарына қарсы қойылмай, керісінше, еркін таңдау қағидатымен байланыстырылды. Неке – ер мен әйелдің ерікті одағы екені, ал кез-келген шешім қысымсыз қабылдануы тиіс екені нақты айтылды. «Әрбір азаматтың таңдау құқығы бар, бірақ оны өзгеге таңуға ешкімнің құқығы жоқ» деген тұжырым адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғаудың іргелі принципін айқын көрсетеді.
Сараптамалық тұрғыдан алғанда, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар, Конституциялық реформа, цифрлық құқықтарды қорғау және гендерлік әрі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы саясат – барлығы адамның өмірі, бостандығы мен қауіпсіздігін ең жоғары құндылық ретінде тануға негізделген ортақ логикамен өзара байланысты.
Ойымды тұжырымдай отырып, Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтай Қазақстанда адам құқықтарын қорғау мәселесі саяси декларация деңгейінен нақты құқықтық тетіктерге көше бастағанын көрсетті. Бұл үдерістің нәтижелі болуы қабылданған заңдардың іске асуымен, құқық қорғау органдарының тиімді жұмысымен және қоғамдық сананың өзгеруімен тікелей байланысты. Мемлекет жариялаған ұстанымдар дәйекті түрде жүзеге асқан жағдайда, Қазақстанда құқық үстемдігіне негізделген жаңа кезеңнің қалыптасуына нақты алғышарттар пайда болады.
Амангелді АБДОЛОВ,
Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша Өкілі



